Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто» компаниясының бұрынғы басшыларына қатысты сырттай сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өскемен қаласының соты компанияның экс-басшысы Анатолий Балушкинді – 9 жылға, ал оның әріптесі Ерік Сағымбаевты – 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, екеуіне де Қазақстан аумағында басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Айыпталушылар сотқа қатысқан жоқ. Олар қазір Қазақстаннан тыс жерде жүр және Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Осыған байланысты үкім сырттай шығарылды.
Сот деректеріне сәйкес, Балушкин мен Сағымбаев аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп танылды. Тергеу материалдарында олардың әрекеті салдарынан мемлекетке 230 миллиард теңге көлемінде залал келгені көрсетілген.
Сот Балушкиннің мүлкін тәркілеуге қаулы шығарды. Қорғаушы тарап істі Ресей Федерациясының құзыретіне беруді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Еске сала кетсек, «Азия Авто» компаниясы Өскеменде автозауыт салу бойынша мемлекеттің қолдауын алған болатын. Алайда 2021 жылы компания мемлекетке 174 миллиард теңге қайтаруға міндеттелген.