Креатив индустрияны дамытуға арналған заң жобасын талқылаған депутаттар бүгін елдегі авторлық қоғамдардың жұмысын сынады.


"Тауыққа шашқан жемдей"! Креатив индустрияны дамытуға арналған заң жобасын талқылаған депутаттар бүгін елдегі авторлық қоғамдардың жұмысын сынады. Табыстың 70 пайызы солардың қалтасында қалады дейді мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

— Елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Олардың жұмысына қатысты да көптеген сын бар. Авторлық қоғамға шығармашылық адамдардың шығармаларын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70 пайызын қоғам өзі алады, 30 пайызын авторға береді. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғаларымыздың шығармаларын орындағаны үшін ұрпағына бір маусымға, яки үш айда 18 мың теңге төлеген.

«Шәмшінің әнінсіз өткен кеш бар ма, бұл қазақта» деген депутат, креатив индустрияны дамытуда осындай ескеріп-тексерілмей келе жатқан жағдайдың көп екеніне наразы.

Бүгінде креатив индустрияда нақты 14 бағыт бар екен – дизайн, сән, кино, музыка, өнер, медиа, компьютерлік графика.

Бұл арқылы салық төлеп, қыруар қаражат табуға болар еді. Бірақ еліміз бұл бағытта кенже қалған.

2015 жылғы зерттеуге сәйкес, креатив индустрияда Қазақстан әлемде 84-орында болса, биыл әлі сол 84-орында қалып отырмыз. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғайтын құқық тәсілдері қажет деп отыр мәжілісмендер.

Отырысқа жиналған сарапшылар да авторлық қоғамдардың автор құқығын белден басып отырғанын айтады.

Темірлан Төлегенов, автор құқығы бойынша сарапшы:  

— Көптеген авторлық қоғамдар бетімен кеткен. Шығармашылық адамдарды тонап отыр. Олардың бұл салада заңды толық білмейтін пайдаланып келеді. Жылына 2 миллиард теңгеге дейін пайда тапса, соның көбін қалтасына басады. Заңнамалық өзгеріс, талап керек. Олар ашық жұмыс істеуден қашады. Осы жағдай реттелсе деймін.