Атырау облыстық балалар ауруханасында 16 жастағы мектеп оқушысы Жаркен Айжан жоспарлы операциядан кейін қайтыс болды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы atyrau_today_news жазды. Айжан ауруханаға өздігінен келген. Туыстарының айтуынша, бұған дейін оның денсаулығына қатысты күрделі шағымы болмаған. Бірнеше ай бойы мұрын қуысындағы кистасы мазалаған.
Отбасы медициналық портал арқылы ауруханаға жатқызылуын бірнеше ай күткен. Қыздың анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, операция дәрігерлер тарапынан қарапайым әрі көп уақыт алмайтын процедура ретінде түсіндірілген. Ота шамамен 20 минутқа созылады деп айтылған.
Алайда операциядан кейін жағдай күрт нашарлаған. Анасының мәлімдеуінше, медициналық тампон қыздың тыныс алу жолына түсіп, бала тұншыға бастаған. Кейін ол жансақтау бөліміне ауыстырылған.
Мөлдір Сахметованың айтуынша, қызының жағдайы реанимацияда да ауырлай берген. Отбасы қызды әрі қарай емдету үшін Астанаға жеткізуді сұраған. Алайда анасының сөзінше, дәрігерлер науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны тасымалдау мүмкін емес екенін айтқан.
Операциядан кейін 19 күн өткен соң 16 жастағы қыз қайтыс болды. Отбасы марқұмды жақында жерледі.
«Мен оларға өмірінде бір рет те ауруханада жатпаған, дені сау баламды тапсырдым. Мен дәрігерлерді кінәлаймын», — дейді қыздың анасы Мөлдір Сахметова.
Қазір марқұмның отбасы болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды, медициналық көмек көрсету барысында не болғанын және қыздың өліміне нақты не себеп болғанын анықтауды талап етіп отыр.
Бұл мәліметтер отбасы тарапының айтқандарына негізделген. Оқиғаға қатысты медициналық мекеменің ресми түсініктемесі мен тиісті тексеру қорытындысы жағдайдың нақты себептерін анықтауы тиіс.