Алматы қаласы мәдени оқиғалар мен заманауи трендтердің орталығы ретінде тұрғындар мен қала қонақтарына жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жалғастыруда. Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап мегаполистегі бірнеше демалыс орнында жазғы буккроссинг алаңдары ресми түрде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл жоба қоғамдық кеңістіктерде кітап оқу мәдениетін насихаттауға және зияткерлік демалысты дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Енді алматылықтар мен шаһар қонақтары ашық аспан астында кітаптарды мүлдем тегін алып оқып, оларды өзара алмастыра алады.
Жоба аясында арнайы кітап сөрелері қаланың ең танымал әрі халық көп жиналатын мәдени нүктелерінде қойылған. Бүгінгі таңда тұрғындар төмендегі мекенжайлар бойынша кітап алмасу мүмкіндігін пайдалана алады. Атап айтқанда Ганди саябағы, Қарғалы саябағы, М. Мақатаев атындағы сквер мен №44 кітапхана (Центральная көшесі, 12Б).
Сонымен қатар, жаздың ортасында жоба географиясы одан әрі кеңейе түспек. Шілде айынан бастап буккроссинг алаңы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада (Гоголь көшесі, 109) да өз жұмысын бастайды.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Ұйымдастырушылар кітап қорының тұрақты түрде жаңартылып отыратынын жеткізді. Сөрелерден әлемдік және отандық көркем әдебиеттерді, ғылыми-танымдық еңбектер мен мотивациялық туындыларды табуға болады.
Буккроссинг форматы қалалық кеңістікті тек серуендеу орны ғана емес, тұрғындардың мәдени және зияткерлік байланыс орнататын ортасына айналдыруды көздейді.
Айта кетейік, қаладағы кітап оқу тренді тек дәстүрлі форматпен шектелмейді. Алматы мәдениетін цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Еске салсақ, үстіміздегі жылдың наурыз айында өткен дәстүрлі «KitapFest-2026» кітап фестивалінде Алматы кітапханаларының ресми мобильді қосымшасы таныстырылған болатын.
Бұл заманауи цифрлық сервис оқырмандар үшін білім мен ақпаратқа қол жеткізудің жаңа деңгейін ашты.
Қосымшаның көмегімен пайдаланушылар келесі мүмкіндіктерді иемдене алады. Оның ішінде оқырман билетін қашықтан рәсімдеп, оны барлық филиалдар мен өзін-өзі қызмет көрсету құрылғыларында қолдануға болады.электронды каталог бар, кітапхананың жалпы кітап қорымен қашықтан танысу мүмкіндігі. Сонымен қатар пайдаланушының орналасқан жеріне ең жақын кітапхананы оңай анықтау функциясы бар. Бұған қоса қосымшада қалада өтетін мәдени іс-шаралар мен әдеби жаңалықтар туралы жедел ақпарат.
Онлайн оқудан бөлек, мобильді қосымша арқылы кітаптарды үйге жеткізу қызметі іске қосылды. Бұл қызмет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүлдем тегін ұсынылады, бұл қоғамда ақпаратқа деген тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі.
Жобаны дамыту кезең-кезеңімен жүргізілді. Бастапқыда тек Android жүйесінде іске қосылған сервис, 6 сәуірден бастап iOS операциялық жүйесін пайдаланушылар үшін де толықтай қолжетімді болды. Осылайша, Алматы қаласында кітапхана қызметі заман талабына сай трансформацияланып, кез келген уақытта және кез келген жерде қолдануға ыңғайлы форматқа көшті. Таза ауадағы буккроссинг пен смартфондағы цифрлық кітапхана — бұл қала тұрғындарының рухани әлеуетін арттыруға жасалған үлкен қадам.