$ 472.48
 550.06
 6.59

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуы мүмкін – Шоқанов

Редактор
26.05.2026, 13:38
Фото: primerministers.kz
Фото: primerministers.kz
Шоқановтың айтуынша, бүгінде Алматы – Қазақстандағы спортшыларға жыл бойы толыққанды дайындық жасауға мүмкіндік беретін жалғыз қала.

Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, Almaty Super Ski жобасын жүзеге асыру және тау кластерін кеңейту қала экономикасына айтарлықтай серпін беріп, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

Алматыдағы тау инфрақұрылымын дамытуға арналған талқылау барысында Нұрсұлтан Шоқанов қаладағы тау кластеріне түсетін жүктеменің жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі инфрақұрылым сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

– Біз күн сайын инфрақұрылым тапшылығын және Алматы тау кластеріне түсетін жүктеменің артып жатқанын көріп отырмыз. Қаланың әрі қарай дамуы үшін нақты қандай шешімдер қажет екенін жақсы түсінеміз, – деді ол.

Шоқановтың айтуынша, бүгінде Алматы – Қазақстандағы спортшыларға жыл бойы толыққанды дайындық жасауға мүмкіндік беретін жалғыз қала. Қазіргі таңда альпинизм және спорттық құзға өрмелеу бойынша ұлттық құраманың 60 пайыздан астамын алматылық спортшылар құрайды.

Федерация президенті Almaty Super Ski жобасы аясында 150 шақырымнан астам жаңа шаңғы трассасын салу жоспарланып отырғанын айтты. Жоба Шымбұлақ, Пионер, Oi-Qaragai, Кимасар және Бутаковка курорттарын біртұтас жүйеге біріктіруді, сондай-ақ Көкжайлау бағытын дамытуды көздейді.

– Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуына барлық алғышарт бар, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Ол бұл бағыт тек шаңғы трассалары мен аспалы жолдар салумен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, саланы толыққанды дамыту үшін қонақүйлер, көлік қолжетімділігі, инженерлік желілер, қауіпсіздік жүйелері және заманауи сервистік инфрақұрылым қатар дамуы қажет.
Спикер туризм саласының экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Оның мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген. Ал туристік қызметтердің көлемі 110 миллиард теңгеден асқан.

– Қосымша бір миллион турист өңір экономикасына шамамен 900 миллион доллар тікелей экономикалық әсер әкелуі мүмкін, – деді федерация президенті.

Нұрсұлтан Шоқанов Азиядағы тау туризмі саласындағы бәсеке де күшейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қырғызстан халықаралық туристік бағыттарды белсенді дамытып жатыр, ал Қытай қысқы спорт түрлеріне жүйелі түрде инвестиция құюда.

Сондықтан ол Алматы үшін өз әлеуетін кәсіби, жүйелі әрі экологиялық талаптарды сақтай отырып дамыту маңызды екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау