Алматы облысы аумағында тұратын соғыс ардагерлеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаулар келіп түсті. Жеңісті жақындатқан ардагерлерге атаулы күнге орай ыстық лебізге толы хаттар, естелік сыйлықтар және Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальдар табысталды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Басты қуанышты жаңалықтың бірі - бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен құрмет ретінде Қонаев қаласында салынған тұрғын үйлерден демеушілердің атынан баспана кілтінің табыс етілуі болды. Сонымен бірге, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен аймақта тұратын көзі тірі бес соғыс ардагеріне бес миллион теңгеден әлеуметтік көмек берілді.
Жеңіс күніндегі салтанатты шара облыс орталығындағы "Даңқ" мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шараға облыс басшылығы мен әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымы мен түрлі мекеме өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімге соғыс ардагерлері арнайы көлікпен жеткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің оркестрі шараны музыкамен әрлеп, мереке көркін қыздырды. Шараға қатысқандардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Солтанбай Жарықбасов пен Алым Кибиров та болды.
Жеңіс - біздің баршамызға ортақ тағылымды тарихымыз, біздің өміріміздің өзегі әрі даңқымыз, абырой-беделіміздің көрінісі!, деді соғыс ардагері Салтанбай Жарықбасов.
Ал, Алым Кибиров Жеңістің қадір-қасиетін кейінгі жас ұрпақ жадына тұтып, сезініп өссе деген тілегін жеткізді.
Жеңістің 80 жылдық мерекесі тек ардагерлерге құрмет көрсетумен шектелмейді. Бұл күннің болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор, - деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Мереке күні аймақ басшысы ардагер Оксана Бетебаеваға ҚР Президентінің атынан Құттықтау хат, естелікке сыйлық ұсынып, жаңа пәтер кілтін табыстады.
Мерекелік іс-шаралар облыстың бүкіл аймағын қамтыды. Облыс мұражайларында, кітапханаларда және Мәдениет үйлерінде көрмелер, еске алу кештері мен әдеби-танымдық кездесулер ұйымдастырылды.
Мәселен, облыстық кітапханада қайсарлық пен батырлық тақырыбында игі шара өтсе, ал Қарасай ауданындағы "Атамекен" орталығында жиналған қауым Халық қаһарманы, генерал-полковник Сапарғали Тоқпақбаевтың тағылымды әңгімесін тыңдады.
Бұған қоса, облыс жастарының бастамасымен "80 жылға – 80 игі іс" акциясы қолға алынды. Бұл акция аясында 200-ден астам ардагерге көмек көрсетіледі. Еріктілер тыл еңбеккерлері мен жалғыз басты қариялардың шаңырақтарына бас сұғып, үй жинауға және ауласын абаттандыруға қол ұшын созуда. Мектеп оқушылары мен студенттер үшін де әскери бөлімдер мен шекара заставалары отаншылдық рухты көтеретін экскурсиялар өткізеді.
Ал, ертең Жеңістің 80 жылдығына орай "Ұлы дала жорығы" атты V халықаралық марафон өтеді. Ауқымды жарысқа 500-ден астам спортшы қатысып, 5 мың көрерменді қамтиды деп күтілуде. Сондай-ақ, Талғар ауданындағы Нұра ауылында бәйге өтіп, жарыста 100-ге жуық шабандоз өнер көрсетті. Жеңіс күніндегі игі шара Райымбек ауданы Талас ауылындағы соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылуымен түйінделді.