Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың информатика пәні мұғалімі Жарқын Әбдікәрімов жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұған дейін педагог Threads желісінде Қазақстанның экономикалық күйреуін тілеп, елге «Алланың азабы керек» деген мазмұнда жазба жариялаған. Бұл жазба қоғамда қызу талқы туғызды.
Даулы жазба Оқу-ағарту министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін жарияланған. Аталған талап хиджаб мәселесін де қамтыған.
Әлеуметтік желі қолданушылары мұғалімнің сөзіне құқықтық баға беруді талап етті. Кейін Әбдікәрімов жазбасын ашумен жазғанын айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Қарағанды облысының білім басқармасы 10 қыркүйектен бастап педагогпен еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады.
«Жарқын Рахымұлы Әбдікәрімов өз еркімен жұмыстан шықты», — делінген басқарма хабарламасында.