Биыл Ақтөбеде 26 қоғамдық кеңістік жаңартылып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға беріледі. Заманауи қоғамдық кеңістіктер адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың қауіпсіз ойнауына, жастардың белсенді демалуына және қала тұрғындарының экологиялық таза ортада уақыт өткізуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Жобалар демеушілердің қолдауымен салынып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, туған қаласының дамуына үлес қосуда.
Биыл жаңғыртылатын нысандар қатарында Мәңгілік Ел көшесінің бойындағы аллея, гуманитарлық колледж алдындағы сквер, Ретро-парк, Бөгенбай батыр көшесіндегі бұрынғы автотұрақ аумағы және басқа да демалыс орындары бар.
Сонымен қатар жаңа қоғамдық кеңістіктер Тұрғындар қалашығында, қаланың ескі бөлігінде және түрлі шағын аудандарда пайда болады. Бұрын бос жатқан немесе қараусыз қалған аумақтар кезең-кезеңімен заман талабына сай демалыс орындарына айналдырылып жатыр.
Соның бірі – Есет батыр көшесіндегі Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі маңындағы аллея. Жалпы аумағы жарты гектар болатын нысанда бүгінде субұрқақты демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда кәсіпкерлер саябақтарды, скверлер мен аллеяларды абаттандыру жұмыстарына белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында 15 қоғамдық кеңістік ретке келтірілді.