Ақтөбе политехникалық колледжі базасында 300 орындық заманауи IT-хаб құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу-өндірістік корпуста бағдарламалау, киберқауіпсіздік және цифрлық технологиялар саласының мамандары даярланады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Облыс әкімі Асхат Шахаров салынып жатқан нысанның құрылысымен танысты. Мұнда ақпараттық технологиялар саласына мамандар даярлайтын заманауи оқу-өндірістік корпус салынып жатыр. Бүгінде нысанда терезелерді орнату, шатыр, қасбет және жылу желілерін жүргізу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта оқу-өндірістік корпуста ішкі әрлеу жұмыстары, электрмен жабдықтау жүйелері мен сыртқы инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Политехникалық колледж жанындағы IT-хаб 300 орынға арналған үш қабатты оқу-өндірістік ғимарат болады. Мұнда IT саласындағы мамандарды даярлауға арналған заманауи жағдайлар жасалады: компьютерлік сыныптар, мамандандырылған аудиториялар, серверлік бөлме, IT-бөлім кабинеті, сондай-ақ цифрлық технологияларды меңгеруге арналған оқу кеңістіктері қарастырылады.
«Салынып жатқан IT-хаб студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи білім беру ортасын және цифрлық технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге жағдай жасауы тиіс», – деді облыс әкімі.
Хаб базасында оқыту және тәжірибелік даярлау заманауи білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылып, бағдарламалау, цифрлық жүйелермен жұмыс істеу және жобалық қызмет дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріледі. Жоба бәсекеге қабілетті IT-мамандарды қалыптастыруға және өңірдің цифрлық ортасын дамытуға бағытталған.
Облыс әкімі жоба өңір үшін аса маңызды екенін атап өтіп, барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындауды және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.