Ақтөбе қаласында Елек өзенінің жағалауында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.
Жүзден астам қатысушы «Юрта» мейрамханасының артындағы жағалау аумағына жиналып, өзен жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Қалалық коммуналдық жағажайға қарама-қарсы орналасқан бұл орын балықшылар мен демалушылар арасында танымал. Алайда табиғат аясындағы демалыстан кейін мұнда қоқыс жиі қалып қояды. Оны тазалау жұмыстарына еріктілер тұрақты түрде қатысып келеді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, акция «Таза қала» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары белсенді қатысуда.

– Облыста «Жасыл ел» жобасының 22-маусымы жалғасып жатыр. Сарбаздар негізгі жұмыстарымен қатар түрлі экологиялық бастамаларға қатысады. «Мөлдір бұлақ» жобасы тек аумақтарды тазалауды ғана емес, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды көздейді, – деді ол.
Көптеген жастар үшін «Жасыл ел» қатарындағы еңбек алғашқы жұмыс тәжірибесіне айналуда. Мәртөк ауданындағы Қаратоғай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Тимур Есім акцияға қатысудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз жай ғана жұмыс істеп жатқан жоқпыз, туған өлкемізді таза ұстауға үлес қосып жүрміз. Қоқыс көп жиналады, сондықтан мұндай шаралар өте қажет, – деді ол.

«Лесхоз» жасағының командирі Дильназ Есетованың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастар осы уақытқа дейін 200-ден астам экологиялық және әлеуметтік акция өткізген.
Ал «Жасыл ел» жастар қанаты жанындағы «Атамекен» студенттік құрылыс жасағы төрағасының орынбасары Артур Азиев биыл Елек өзенінің бірнеше аумағында тазалық жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Экологиялық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді. Бұрын тазаланған аумақтарда қоқыс көлемі азайғаны байқалады. Адамдар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарай бастады, – деді ол.
Ұйымдастырушылар демалушылар табиғат аясындағы демалыстан кейін қоқыстарын жинап, өздерімен бірге алып кетеді деп үміттенеді. Алдағы уақытта тазартылған аумақтарда қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Биыл Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жасақтарына шамамен 3,2 мың жасты жұмысқа тарту жоспарланған. Қыркүйекке дейін жобаға мектеп оқушылары мен студенттер қатысса, кейін жұмыссыз жастар тартылатын болады. Жалақы мөлшері 140 мың теңгеден басталады.