Алматы облысының прокуратурасы 396 миллион теңге пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты жазасын өтеуден босату туралы сот шешіміне қарсы шықты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Алматы облысы прокуратурасының ресми түсініктемесіне сәйкес, 2026 жылғы 17 қарашада Алатау қалалық соты №57 түзеу мекемесі әкімшілігінің Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысын қанағаттандырған. Шешім Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабы негізінде қабылданған. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізді», – делінген Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Осылайша, бұрынғы әкімді жазадан босату туралы шешімге дау айтылып отыр. Прокуратураның өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім әлі жарияланған жоқ.
Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарып жүрген кезінде ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарына қатысты жұмыстардың актілеріне қол қою және мердігер компанияға қамқорлық көрсету үшін аса ірі көлемде пара алған. 2025 жылғы шілдеде сот Кәрім Көкірекбаевты кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Іс бойынша оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.