$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.6

Зікіршілер жамағатының жабық ортасындағы дау: Исматулла Мақсұмға қатысты ауыр айыптаулардан кейін тергеу басталды

Редактор
27.10.2026, 11:19
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарына қатысты мәлімдеме жасаған

Қазақстанда зікіршілер жамағатының жетекшісі ретінде танылған Исматулла Мақсұмға қатысты қоғамда қызу талқыланған мәлімдемелерден кейін Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұған дейін журналист Жанар Байсеміздің YouTube арналарында Исматулла Мақсұмның бұрынғы шәкірттері сұхбат берген. Олар діни жамағат ішінде кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қысым көрсетілгенін, психологиялық қорқыту мен мәжбүрлеу әрекеттері болғанын мәлімдеген.

Атап айтқанда, бұрынғы шәкірт Ақылбек Жұмабеков жабық діни ортадағы жағдайлар туралы айтып, жасөспірімдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын алға тартқан. Ішкі істер министрлігі 21 қазанда берген жауабында жарияланған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Жарияланымдағы деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген министрлікте.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарына қатысты мәлімдеме жасаған. Мүфтият олардың қызметі мен діни көзқарастарының ҚМДБ ұстанымына сәйкес келмейтінін және діни басқармаға еш қатысы жоқ екенін атап өтті. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті Исматулла Мақсұмның ҚМДБ құрамында жоқ екенін, сондай-ақ еліміздегі ресми тоғыз медресе-колледждің оның қызметіне қатысы жоқ екенін хабарлаған.

Айта кетейік, Исматулла Мақсұм, яғни Исматулла Әбдіғаппар, бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. ІІМ мәліметінше, ол 2011 жылы экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз медициналық қызметпен айналысу бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қазіргі уақытта жаңа тергеудің нақты қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны және іс бойынша кімдердің процессуалдық мәртебе алғаны жарияланған жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау