Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №4 студенттер жатақханасында болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Өрімдей жастың өмірден өтуі – орны толмас қайғы. Студенттердің қауіпсіздігіне қатысты мұндай жағдайлар қоғамды бейжай қалдырмауы да заңды. Дегенмен қоғамдық талқылау барысында эмоцияға ерік бермей, нақты фактілерге сүйену, болжамдарды дәлелденген ақпарат ретінде қабылдамау және тергеу аяқталғанша түпкілікті қорытынды жасамау маңызды-дейді білікті заңгер Жұлдыз Қанатқызы, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Заңгердің айтуынша, қоғамдық кеңістікте ақша талап ету, психологиялық қысым, буллинг және әлімжеттік белгілері туралы түрлі ақпарат тарауда. Мұның барлығы құзырлы органдар тарапынан тексеріліп, тиісті құқықтық бағасын алуы қажет. Тергеу қорытындысы шықпай тұрып, қандай да бір нұсқаны ақиқат ретінде қабылдау немесе нақты тұлғаларды кінәлі деп жариялау дұрыс емес. Сонымен бірге бұл оқиға студенттер жатақханаларындағы қауіпсіздік жүйесін, басқару тәртібін, жанжалдардың алдын алу тетіктерін және жауапты тұлғалардың міндеттерін қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр.
Университет басшысының жауапкершілігі: міндет пен өкілеттіктің ара-жігін ажырату қажет
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру ұйымы басшысының ұйым қызметін басқаруға, білім алушылардың оқуына, тәрбиесіне және қауіпсіздігіне қажетті жағдай жасауға қатысты міндеттері мен жауапкершілігі айқындалған. Алайда бұл талап университет басшысы студенттердің арасында орын алған кез келген құқық бұзушылық үшін автоматты түрде жеке жауап беруі тиіс дегенді білдірмейді. Құқықтық мемлекетте жауапкершілік адамның лауазымына қарап емес, нақты міндеттеріне, өкілеттіктеріне, әрекеті немесе әрекетсіздігіне және оның салдарымен арасындағы себеп-салдарлық байланысқа қарай анықталуы керек-дейді заңгер. Мәселен, университет ректорының білім беру ұйымындағы қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыруға жауапты болуы мен сол жүйенің жекелеген бағыттарын тікелей жүзеге асыратын қызметкерлердің міндеттері бірдей емес. Сондықтан қайғылы оқиғаның орын алу фактісінің өзі ректордың басқарушылық кінәсін дәлелдемейді. Ол үшін қауіпсіздік жүйесінде қандай кемшілік болғаны, нақты кімнің қандай міндетті орындамағаны және бұл әрекетсіздіктің оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталуы қажет.
Жатақхана – тәулік бойы жұмыс істейтін дербес басқару жүйесі
Студенттер жатақханасы – жай ғана тұрғын ғимарат емес. Бұл – жүздеген студенттің күнделікті өмірі, тұрмысы, әлеуметтік бейімделуі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс университеттің маңызды инфрақұрылымдық нысаны. Оның қалыпты жұмыс істеуі әкімшілік қызметтердің, профильдік проректордың, жатақхана комендантының, күзет қызметінің және студенттермен тәрбие жұмысын жүргізетін бөлімшелердің үйлесімді әрекетіне байланысты. Жатақханадағы тәртіпті қамтамасыз ету тек есіктегі күзетпен шектелмейді. Ол ішкі тәртіп ережелерінің сақталуын бақылауды, кезекшілікті ұйымдастыруды, жанжалдарға жедел әрекет етуді, студенттермен профилактикалық жұмыс жүргізуді және қауіп-қатердің алдын алуды қамтиды. Қарастырылып отырған басқару құрылымында әлеуметтік даму және студенттер жатақханаларына қатысты мәселелер профильдік проректордың құзыретіне кірген. Жатақхананың күнделікті әкімшілік жұмысын комендант үйлестірген, оның жұмыс уақыты сағат 17:00-де аяқталған. Ал күзет пен қауіпсіздікті тәулік бойы қамтамасыз ету тиісті қауіпсіздік қызметінің міндетіне жүктелген. Бұл деректер жауапкершілікті анықтау кезінде маңызды. Себебі әр қызметкердің өзіне бекітілген міндеті мен өкілеттігі бар. Әрине, мұның бәрі университет басшылығын қауіпсіздік жүйесіндегі кемшіліктер үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Кадрлық шешім – кінәнің заңдық дәлелі емес
Оқиғадан кейін университетте бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметтерінен босатылды. Заңгердің пікірінше, қайғылы оқиғаны асығыс айыптаудың, саясиландырудың немесе жеке есеп айырысу құралына айналдыруға жол бермеу керек. Қоғамдық резонанс құқықтық рәсімдерді алмастырмауы тиіс, ал эмоциялық бағалау объективті фактілерді анықтауға кедергі келтірмеуі қажет. Жеке жауапкершілік болжаммен емес, дәлелмен анықталуы тиіс. Басқарушылық шешімдер өкілеттіктер мен нақты жағдайлардың контекстінде бағалануы қажет. Қоғамды толғандырған сұрақтарға тек объективті тергеу ғана жауап бере алады.
"Бүгінгі басты міндет – кінәлі деп санауға ыңғайлы адамды іздеу емес, ақиқатты анықтау, әділдікті қамтамасыз ету және мұндай қайғылы оқиғалардың қайталанбауына жағдай жасау", -дейді Жұлдыз Қанатқызы.