Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Халық ақыны Әсия Беркенованың дүниеден өтуіне байланысты жүрек тебірентер жазба жариялады. Ол марқұммен байланысты естеліктерін бөлісіп, қайғысын жеткізді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ақынның айтуынша, Әсия Беркенова оны ерекше жақсы көріп, «тайлақ» деп еркелеткен. Кездескен сайын құшақтап, сағынышын білдіретін болған.
«Тайлақ, келдің бе, сен неге мені құшақтамайсың, сағынбағансың ба, ал мен сендерді күнде сағынамын». Әсия апайдан ең көп естіген сөзім. Мына суретте де құшақтап түсіппін, – деп жазды ақын.
Мұхтар Ниязов Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбекованың бір жылда, бір күнде дүниеге келгенін де еске алды.
«Әселхан апай екеуі дүниеге бір жылда, бір күнде келген. Енді екеуі де жоқ. Қостанайға тек тойға баратын едік. Өткенде Салтанат, енді Әсия апай… Қостанайға ғана емес, тұтас халыққа көңіл айтатын қаза осы шығар», – деді ол.
Айтыскер марқұмның «Халық ақыны» деп таныстырғанда ерекше қуанып, жүзі нұрланып кететінін айтып, жазбасын «Иманымыз жолдас болсын, апай!» деген сөзбен аяқтады.