Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу ұсынылды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі осыған байланысты арнайы петиция жариялады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
18 қарашада Epetition.kz порталында жарияланған петиция Денсаулық сақтау министрлігіне бағытталған. Бастама авторлары энергетикалық сусындарды дүкендерде ғана емес, интернет арқылы және жеткізу қызметтерімен сатуға да тыйым салуды талап етіп отыр. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, қазіргі шектеулер жеткіліксіз. Қазақстанда 2025 жылдан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Ал 2026 жылы бұл өнімдерге акциз енгізілді.
«Әкелер одағы» энергетикалық сусындардың ересектер денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартады. Ұйым өкілдері олардың қан қысымын көтеріп, ұйқыны бұзуы және жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өткен. Петицияда энергетикалық сусындардың жарнамасына, әлеуметтік желілерде насихатталуына және тегін таратылуына да тыйым салу ұсынылған.
Бастаманың Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың қолдау дауысы қажет.