$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

Ұлттық код ұранмен емес, ұрпақ тәрбиесімен сақталады

Редактор
19.11.2026, 08:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Ұлттық код – ұлттың тарихи жады мен рухани болмысын сақтайтын құндылықтар жүйесі. Оның негізінде тіл, тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрып және ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Қазақ халқы үшін ұлттық кодтың ең маңызды тірегінің бірі – дәстүр.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Арын өзінің «Бес анық» кітабында «Дәстүр – ұлтты рухтандырып тұратын, ішкі мен сыртқы келбетін өрнектейтін, қанында, жанында, рухында жүретін қасиетті сипат. Дәстүр бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өтіп, ұлттық болмысты сақтайды» деп сипаттайды. Расында, дәстүр – халықтың өмірлік тәжірибесі, тәрбиелік мектебі және қоғамдық қатынасты реттейтін рухани өлшемі. Мәселен, асар дәстүрі елді бірлікке шақырса, бата беру ізгілік пен жауапкершілікті дәріптеген.

Қазақтың әрбір салтында терең мағына бар. Бесік жыры – ана мейірімінің көрінісі. Тұсаукесер – баланың болашағына ақ тілек білдіру. Беташар – жаңа отбасының қоғам алдындағы орнын айқындау. Бұлардың барлығы ұлттық дүниетанымның ажырамас бөлігі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда жауапкершілік, еңбекқорлық, отаншылдық және білімге ұмтылу секілді қасиеттің маңызын атап өткен.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев салт-дәстүрдің қоғамдық маңызына тоқталып, оны адам тіршілігін реттейтін, моральдық тұрғыдан дұрыс жолға бағыттайтын өзіндік кодекс ретінде сипаттайды. Бұл пікір дәстүрдің тек мәдени мұра емес, қоғамның ішкі тәртібі мен адамгершілік өлшемі екенін аңғартады.

Алайда дәстүрді сақтау оның барлық үлгісін өзгеріссіз қайталау деген сөз емес. Заманға сай келетін озық салттарды жаңғыртып, қоғам дамуына кедергі келтіретін әдеттерден арылу қажет. Ысырапшылдықты емес, берекені, даңғазалықты емес, тәрбиені дәріптеген жөн.

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай «Бізге дәстүрді дәріптейтін, бірақ жаңалықтан қорықпауымыз керек. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғылым мен технологияның жетістіктерін игеру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – заман талабы. Мәселен, жеті атаны білу дәстүрін цифрлық жүйелер арқылы жаңғыртуға, ұлттық қолөнерді заманауи кәсіпке айналдыруға, халық ауыз әдебиеті мен тарихи мұраны цифрлық кеңістікте кеңінен насихаттауға болады. Ең бастысы, дәстүрді тек мерекелік шараларда көрсететін көрініске айналдырмауымыз керек. Ол отбасындағы тәрбиеге, білім беру жүйесіне, қоғамдық қатынастарға және күнделікті өмірге терең орнығуы тиіс» дейді.

Бүгінгі міндет – ұлттық дәстүрді музей жәдігеріне айналдырмай, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Өйткені ұлттық код ұранмен емес, ұрпақ тәрбиесімен сақталады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау