$ 444.3
€ 490.91
₽ 5.41

Үш рет оқ атылған: Ақтөбеде жанармай бекеттері желісінің директоры өлтірілді

Редактор
17.11.2026, 08:36
видеодан скрин
видеодан скрин
Кәсіпкер өз үйінде оқ жарақатынан қаза тапқан

Ақтөбеде жанармай құю бекеттері желісінің 49 жастағы директоры Айболат Жисов өз үйінде атып өлтірілді. Қайғылы оқиға 16 қараша күні таңертең қаланың элиталық аудандарының бірінде болған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпкер өз үйінде оқ жарақатынан қаза тапқан. Көршілерінің бірі таңғы сағат 07:30–07:40 шамасында үш рет тарсыл естігенін, алайда оны бастапқыда отшашудың дыбысы деп ойлағанын айтқан. Қылмыс болған аумақ қаланың беделді аудандарының бірі саналады. Мұнда ірі кәсіпкерлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер тұрады. Үйлер биік қоршаулармен қоршалған, бейнебақылау камералары орнатылған. Ақтөбе облыстық полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Оқ жарақаты бар ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні анықтау және ұстау мақсатында қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, қылмыскер кәсіпкерді өлтіргеннен кейін оның автокөлігімен қашып кеткен болуы мүмкін. Кейін көлік Ресейдің Орск қаласына апаратын Богослов тас жолынан табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция бұл мәліметті әзірге растаған жоқ. Сондай-ақ оқиға кезінде үйде марқұмның жұбайы болғаны айтылып жатыр. Бұл ақпарат та ресми түрде расталмаған.

16 қарашадағы мәлімет бойынша, күдікті әлі ұсталмаған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау