$ 444.3
€ 490.91
₽ 5.41

Балаларды интернет арқылы қылмысқа тарту көбейген: Аймағамбетов маңызды мәселе көтерді

Редактор
16.11.2026, 15:48
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Оның сөзінше, депутаттар аталған қауіптердің алдын алуға бағытталған арнайы заңнамалық түзетулер әзірлеген

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарды интернет арқылы есірткі тасымалдауға және қаржылық алаяқтыққа тарту деректері алаңдаушылық туғызып отыр, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Депутат балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі тұжырымдаманың орындалуын талқылау барысында қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатқанына назар аударды.

«Балаларды интернет арқылы есірткі жасырып кетуші және дроппер ретінде тартып жатыр. Полиция мәліметінше, спайкинг, яғни адамның сусынға есірткі немесе басқа да заттар қосылғанын білмей қалу жағдайлары да жиілеген. Бұл бағытта қосымша шаралар қажет», – деді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, депутаттар аталған қауіптердің алдын алуға бағытталған арнайы заңнамалық түзетулер әзірлеген. Сонымен қатар Құрылтайда балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасын 16 жаспен шектеуді көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Депутат мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен екенін де атап өтті. Оның айтуынша, маман тапшылығы балаларға дер кезінде психологиялық көмек көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұдан бөлек, балалардың терезеден құлау мәселесі көтерілді. Аймағамбетов келтірген зерттеу дерегіне сәйкес, отбасылардың 42 пайызында терезеге қорғаныш құрылғылары орнатылмаған.

«Бір ғана SMS пен плакат жеткіліксіз. Бұрын салынған үйлерге де қорғаныш құрылғыларын орнатудың нақты тетігі қажет», – деген пікір білдірді депутат.

Сондай-ақ ол балалардың денсаулығына зиянды тағамдар мен энергетикалық сусындарға қатысты қосымша шектеулер әзірленіп жатқанын жеткізді. Аймағамбетовтің айтуынша, басты мақсат – қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін қағаз жүзінде емес, әр баланың өміріндегі нақты өзгерістер арқылы бағалау.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау