Оңтүстік Кореяда телефон алаяқтарының құрбаны болған 20 жастағы жігіт пен оның анасының қайғылы оқиғасына Қазақстанда әрекет еткен қылмыстық топтың қатысы бар екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, жігіт алаяқтарға шамамен 50 миллион воннан (17 миллион теңгеге жуық) айырылған. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның The Korea JoongAng Daily басылымы жазды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Басылымның мәліметінше, оқиға биыл 20 маусымда Оңтүстік Кореяның Чхунчхон-Пукто провинциясындағы Ымсон округінде болған. Тергеу барысында жігіттің өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түскені анықталған.
Қылмыскерлер оның банк шоттары заңсыз әрекеттерге қатысы бар екенін айтып, қорқытқан. Кейін оны қонақүйге орналасуға және жақындарымен байланысын үзуге көндірген. Осылайша жігіттен криптовалюта сатып алып, ақшаны көрсетілген электронды әмиянға аударуды талап еткен.
Тергеу барысында бұл алаяқтықтың Алматыда жұмыс істеген қылмыстық топтың әрекетімен сәйкес келетіні анықталған.
Алматыда 19 күдікті ұсталды
Оңтүстік Корея мен Қазақстанның құқық қорғау органдары бірлескен операция барысында қылмыстық топтың жолын кесті.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметінше, 2026 жылғы 23 шілдеде Алматыда Корея Республикасының 14 азаматы ұсталған. Олардың тұрғылықты жерлерінен заңсыз әрекетте пайдаланылған компьютерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленген.
Ал Оңтүстік Кореяның полиция агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, ел аумағында тағы бес күдікті қолға түскен. Осылайша, қылмыстық топтың 19 мүшесі ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, топ Алматыда байланыс орталығын ұйымдастырып, 100-ден астам адамды алдап, жалпы 5,8 миллиард вон көлемінде шығын келтірген деген күдікке ілінген.
Қазақстанда кореялық полиция өкілдігін ашу ұсынылды
Осы оқиғадан кейін Оңтүстік Корея тарапы Қазақстандағы құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты күшейтуді көздеп отыр.
The Korea JoongAng Daily басылымының жазуынша, Қазақстандағы корей қауымдастықтары тамыз айында ел аумағында «Korean Desk» арнайы полиция бөлімшесін ашу туралы өтініш білдірген. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Ұлттық полиция агенттігі Қазақстанда полиция өкілдігін ашу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне ресми ұсыныс жолдаған.
Басылымның мәліметінше, мұндай өкілдік трансұлттық қылмыстармен күресуге, алаяқтық топтарды анықтауға және екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы байланысты жеделдетуге мүмкіндік береді.