$ 444.3
€ 490.91
₽ 5.41

«Бейбітшіліктің бағасын Сирияда түсіндім»: қазақстандық бітімгер қыздың бір жылы

Редактор
16.11.2026, 17:35
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
139 әскери қызметшіден құралған қазақстандық ротада небәрі екі әйел болған

Сириядағы Голан жоталарында бір жылдан астам уақыт БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет атқарған қазақстандық әскери қызметшінің бірі - Анаргүл Күшер. Ол саперлермен бірге қауіпті аймақтарға шығып, жараланғандарға медициналық көмек көрсетті, жарылыстар мен төтенше жағдайларды бастан өткерді. 139 әскери қызметшіден құралған қазақстандық ротада небәрі екі әйел болған. Bairaqmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында Анаргүл Көшер Қазақстанның халықаралық бітімгерлік қызметі, Сириядағы бір жыл және бейбітшіліктің құны туралы әңгімеледі.

Көгілдір беретке жетелеген бес жыл

– Анаргүл, қарапайым ауылда өскен қыздың халықаралық бітімгерлік миссияға дейінгі жолы қалай басталды?

– Мен 1997 жылы 2 сәуірде Степногорск қаласында дүниеге келдім. Ақмола облысы Зеренді ауданындағы қазіргі Өркен ауылында өстім. Кейін Астанадағы медициналық колледжді бітірдім. Бала күнімнен әскери қызметші болуды армандадым. Бұл таңдауыма анам қолдау көрсетті. Сөйтіп, Астанадағы Бас әскери клиникалық госпитальда еңбек жолымды бастадым. Әскери салада қызмет етіп жүргеніме он жыл болды. Бітімгерлік миссияға алғаш рет 2019 жылы, 22 жасымда өтініш бердім. Арнайы дайындықтан өтіп, ағылшын және француз тілдерін меңгердім, халықаралық сертификаттар алдым. АҚШ-тың Флорида штатында тактикалық медицина бойынша білімімді жетілдірдім. Миссия алдында «Бітімгер» полигонында теориялық және практикалық дайындықтан өттік. Мені ең қатты толғандырғаны – соңғы іріктеу. Өйткені бес жыл бойы осы мүмкіндікті күттім. Көгілдір берет киіп, Қазақстанның атынан халықаралық миссияға қатысу үлкен арманым еді.

– Қақтығыс аймағына аттанатыныңызды естігенде ата-анаңыз қалай қабылдады? Өзіңіз қорықпадыңыз ба?

- Ата-анам алғашында қарсы болды. Әсіресе анам қатты алаңдады. Біз отбасында екі қызбыз. Бірде анам: «Әскерден ұлын күткен аналар туралы көп айтылады. Енді мен де қызымды күтіп отыратын болдым», – деді. Әрине, қорқыныш болды. Бірақ ол мені тоқтатқан жоқ. Миссия алдында баратын аймақтың жағдайын зерттедім. Өзіме: «Мен де өзгелер сияқты әскери қызметшімін. Маған жүктелген міндетті орындауға дайынмын», – деп айтатынмын. Арнайы дайындық өзіме сенімділік берді. Жарылыс, үрей және адам өмірі

– Голан жоталарындағы күнделікті қызметіңіз қалай өтті? Қазақстандық бітімгерлер қандай міндеттер атқарды?

– Біздің ротада 139 әскери қызметші болды. Соның екеуі ғана әйел едік. Мен медициналық қызметкер, екінші қыз аспаз болды. Күніміз таңғы дене шынықтыру жаттығуларынан басталатын. Одан кейін әркім өз міндетіне кірісетін. Патрульдеу, алып жүру, минасыздандыру және әскери дайындық жұмыстары жүргізілді. Мен медициналық қызметіммен қатар саперлік топпен бірге қауіпті аймақтарға шығып, патрульдерге қатыстым. Медициналық пункттегі әріптестеріме ағылшын тілінен қосымша сабақ өткіздім. Әйел болғаным үшін ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Жігіттермен бірдей әскери жабдық алып жүрдім, қару ұстадым, дене дайындығы нормативтерін орындадым. Сонымен қатар рота командирінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі міндетін атқардым.

– Қызмет барысында өміріңізге қауіп төнген, есіңізде ерекше қалған жағдай болды ма?

– Алғашқы күндері күтпеген дабылдардан қатты қобалжитынмын. Рация үнемі жанымда жүрді. Тіпті ұйықтағанда да қасымда болатын. Бір түні эвакуация туралы дабыл түсті. Асығыс жиналып, техникаға міндік. Жылы киінуге де үлгермеппін. Суықтан әрі қобалжудан қалтырап бара жатып, алда не күтіп тұрғанын ойладым. Бірақ ең қатты есімде қалғаны – саперлермен бірге шыққан бір тапсырма. Жігіттер жарылғыш заттарды залалсыздандыру үшін менен шамамен 500 метр қашықтықтағы төбелердің арғы жағына кетті. Мен техникада күтіп отырдым. Кенет қатты жарылыс болды. Жарқыншақтар біздің техникаға дейін жетті. Рациядан ешкім жауап бермеді. Бірінші ойым: «Жігіттер жарылып кетті!» деген үрей болды. Медициналық сөмкемді алып, соларға қарай жүгірдім. Өзіме қауіп төнуі мүмкін екенін де ойламадым. Бар ойым – аман болса екен. Төбелерге жақындағанда ғана байланыс орнады. Сөйтсем, бәрі аман екен.

Жарылыс жоспарлы түрде жасалған, тек төбелер радиобайланысқа кедергі келтіргендіктен, мен команданы естімей қалыппын. Кейін бұл оқиғаны күліп еске алдық. Бірақ сол күні бір нәрсені түсіндім: қорқыныш жоғалмайды, тек кәсіби жауапкершілік одан басым түседі.

– Әскери медицина қызметкері ретінде ең күрделі жағдай қандай болды?

– Бірде әріптесім бақылау мұнарасының санитарлық жағдайын тексеру кезінде сүрініп құлап, тоқпан жілігін сындырып алды. Оны медициналық пунктке жеткізгенде жағдайы ауырлау еді. Мен алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін ауруханаға медициналық қызметкер әрі аудармашы ретінде бірге бардым. Оған шұғыл операция жасалды. Жергілікті дәрігерлер ағылшын тілін нашар білетіндіктен, байланыс орнату қиын болды. Сондықтан әріптесімнің жанында болып, емшаралардан өтуіне көмектестім, тамақтандырдым, психологиялық қолдау көрсеттім. Сол кезде адамның ер немесе әйел болуы маңызды емес екенін түсіндім. Алдыңда көмекке мұқтаж адам тұр. Сенің міндетің – қолыңнан келгеннің бәрін жасау.

«Біз бункерге тығылдық. Ал бейбіт тұрғындар қайда қашады?»

– Сириядағы бейбіт тұрғындардың жағдайын өз көзіңізбен көрдіңіз. Сізге ең ауыр әсер еткен көрініс қандай болды?

– Балалар. Патрульге шыққанымызда олар жүгіріп келіп, бізден су сұрайтын. Бар болғаны су! Шатырларда өмір сүріп жатқан отбасыларды көрдім. Олардың кейбірі ертеңгі күнге жоспар құруды емес, бүгін аман қалуды ойлайды. Бірде жарылыс дыбыстары естіліп, біз дабыл бойынша бункерге жүгірдік. Біз қайда жасырынатынымызды білетінбіз. Арнайы баспанамыз бар. Ал сол сәтте жергілікті тұрғындар туралы ойладым. «Бұлар қайда қашады? Бұлардың бункері қайда?» деген сұрақтар мазалады. Өйткені олардың кейбірінде жасырынатын қауіпсіз орын да жоқ. Сирияның Қызыл Жарты Ай ұйымымен бірге жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барғанымыз да есімде ерекше сақталды. Мен көбіне әйелдермен, жасөспірімдермен және балалармен сөйлестім. Олар бізді жылы қабылдап, алғыс айтып, құшақтайтын. Бір жолы тіпті көзіме жас келді. Адамдарға шынымен көмегім тиіп жатқанын сезіндім. Сол кезде Қазақстандағы тыныш өмірдің қаншалықты қымбат екенін түсіндім. Біз үшін күнделікті қалыпты нәрсе саналатын таза су, тамақ, баспана, тыныш ұйқы басқа біреулер үшін үлкен арман болуы мүмкін.

– Қазақстанның атынан халықаралық миссияға қатысу сізге қандай жауапкершілік жүктеді? Шетелдік әріптестеріңіз еліміз туралы не білетін еді?

– Миссия барысында түрлі елдің әскери қызметшілерімен таныстым. Олардың арасында Қазақстан туралы бұрын естімегендер де болды. Мен еліміздің табиғаты, тарихы мен мәдениеті туралы айтып, фотосуреттер көрсететінмін. Кейбірі Қазақстанды мүлде басқаша елестеткенін айтып, таңғалды. Шетелдік әріптестерімнің қызметім үшін алғыс айтып, Қазақстан атынан халықаралық миссияға қатысқан әйел әскери қызметшіні көргеніне қуанышты екенін жеткізгені ерекше әсер етті. Сондай сәттерде Отанымнан жырақта жүрсем де, елімнің атынан қызмет етіп жүргенімді терең сезіндім.

– Бір жылдық миссия кезінде үйді сағынған, ата-анаңыздан қауіп-қатерді жасырған кездеріңіз болды ма?

– Әрине. Әсіресе миссия мерзімі тағы бір жарым айға ұзартылғанда қиын болды. Елге қайтуға дайындалып жүргенмін. Ең үлкен қолдауды анамнан алдым. Ол үнемі: «Сен мықтысың, сенің қолыңнан келеді», – дейтін. Кейде жылағым келетін сәттер болды. Бірақ ата-анама бәрін айтпауға тырыстым. Жарылыс дыбыстары естіліп, бункерге жүгірген кездерімізді олар білмейтін. Телефонмен сөйлескенде «Бәрі жақсы» деп қана айтатынмын. Кейде осы екі сөздің артында қаншама уайым жатқанын өзім ғана білетінмін.

– Елге оралған сәтіңіз қалай өтті? Осы миссия сіздің өмірге деген көзқарасыңызды қаншалықты өзгертті?

– Бізді салтанатты түрде қарсы алды. Сапта жалғыз қыз болдым, өйткені екінші әскери қызметші алғашқы топпен оралған еді. Қарсы алуға ата-анам келді. Олардың көзіндегі қуанышты көру мен үшін үлкен бақыт болды. Шынымды айтсам, бір жылдан кейін ең қатты қалағаным – үйге барып, жақындарыммен бір дастарқан басында отырып, үйдің тамағын жеу еді. Бұл миссия мені кәсіби әрі психологиялық тұрғыдан шыңдады. Бұрын қиын көрінген тапсырмаларға қазір сабырмен қараймын. Бірақ ең бастысы, адам өмірінің және бейбітшіліктің қадірін терең түсіндім. Қазақстанға оралған соң әр адамға: «Елімізді, тыныштығымызды, өмірімізді бағалаңыздар!» деп айтқым келді.

– Егер тағы да халықаралық бітімгерлік миссияға қатысу ұсынылса, барар ма едіңіз?

– Еш ойланбастан барар едім. Өйткені бұл миссия маған кәсіби тәжірибеден де маңызды нәрсе берді. Адамға көмектесудің, біреуге қажет болудың қандай бақыт екенін сезіндім. Бір кездері көгілдір берет киюді армандаған ауылдың қарапайым қызы едім. Ал бүгін сол арманымның орындалғанына қуанамын. Мен өз елім үшін өзім ойлағаннан да көп нәрсе жасай алатынымды түсіндім. Ендігі мақсатым – қызметімді жалғастырып, мұны сөзбен емес, іспен дәлелдеу.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау