Қазақстандық танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева жас ұлғайған сайын махаббатқа деген көзқарастың қалай өзгеретінін айтып, саналы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, адам өмірінің әр кезеңінде махаббаттың өзіндік ерекшелігі болады. Балалық шақтағы сезім мен жастық кездегі құштарлық уақыт өте келе терең түсіністік пен сыйластыққа ұласады.
«Қарым-қатынастың деңгейлері әр кезеңде әртүрлі болады ғой. Бала кездегі махаббаттың түрі бөлек, ал жастық шақтағы сезім мүлде басқа. Бір-бірінсіз тұра алмайтын ессіз құштар кезеңдер артта қалып, орта жасқа келгенде нағыз саналы махаббат пайда болады екен», – деді әнші.
Айгүл Иманбаева шынайы махаббатты тек бірге болумен немесе үнемі бір-бірінің жанында жүрумен өлшеуге болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, екі адамның арасындағы рухани жақындық пен өзара қолдау әлдеқайда маңызды.
«Саналы махаббат менің түсінігімде, қасында болғанда да, мыңдаған шақырым қашықтықта жүрсең де, бір-біріңді үнсіз көзбен түсініп, шексіз қадірлейтін, қолдау көрсете білетін ерекше күй», – деп түсіндірді өнер иесі.
Сондай-ақ әнші қарым-қатынаста екі адамның рухани үйлесім табуына ерекше мән беретінін жасырмады.
«Кей еркектер сияқты басқа өмір іздегеннен гөрі, екі ересек адамның рухани тұрғыдан бір биікте тоғысқаны әлдеқайда биік қой», – деп түйіндеді Айгүл Иманбаева.
Осылайша өнер иесі есейген шақтағы махаббаттың басты құндылығы құштарлықтан гөрі өзара түсіністік, сенім мен сыйластықта екенін жеткізді.