Маңғыстау облысында қатты жел салдарынан ашық теңізге ығып кеткен үш адам құтқарылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Оқиға өткен түні Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауында болған. Қатты желдің салдарынан ішінде үш адам отырған үрлемелі қайық жағадан алыстап, ашық теңізге қарай ығып кеткен.
Оқиға туралы ақпарат түскен бойда ТЖМ қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстарына кіріскен.
Құтқарушылар теңізге шығып кеткен үш адамды тауып, аман-есен жағаға жеткізді. Министрліктің мәліметінше, олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ тұрғындарға жел күшейген кезде суға шықпау керектігін ескертіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.