Семейде 20 жастағы студент Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды. Алғашқы отырыста прокурор айыптау актісін оқып, тергеу барысында анықталған мән-жайларды жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Информбюро жазды. Қайғылы оқиға 13 шілдеде Абай облысының Бородулиха ауылында болған. Дильназдың денесі ауылдағы жолдан табылған. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша сотқа жолданған.
Айыптау нұсқасы бойынша, сол түні Дильназ бұрынғы жігітімен кездескен. Екеуінің арасында жанжал туып, артынша жігіт қызға пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Сотта жарияланған дерек бойынша, студентке 16 пышақ жарақаты салынған. Сондай-ақ оның басынан ауыр жарақат алғаны анықталған.
Сараптама қорытындысында Дильназдың өліміне көп қан жоғалту себеп болғаны көрсетілген. Оның ұйқы артериясы зақымданып, бас сүйегінен де ауыр жарақат анықталған.
Марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан тергеу қорытындысымен келіспейтінін айтты.
«Басын жарған зат табылған жоқ. Оны пышақтың сабы деп айтты. Бірақ сарапшының жауабында ол жалпақ зат. Соған қарамай тергеуші істі жапты. Осындай айыптау актісімен келіспейміз», – деді ол.
Дильназдың анасы Динара Атаева да істі ауырлау баппен саралауды талап етіп отыр. Отбасы болған жағдайды аса қатыгездікпен жасалған қылмыс деп есептейді.
«Біз 99-баптың екінші бөлігін сұрадық. Адамды аяусыз суық қарумен ажал құштырды. Ми жарақатын алды. Денесін жолдың үстіне тастап кеткен. Бұл асқан қатыгездікпен жасалған қылмыс деп санаймыз», – деді марқұмның анасы.
Дильназ отбасының жалғыз перзенті болған. Ол Семейдегі Шәкәрім университетінде білім алып, екінші курсты аяқтаған. Болашақта тарих және география пәнінің мұғалімі болуды жоспарлаған.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушының кінәсі мен істің түпкілікті құқықтық саралануын сот анықтайды.