Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиев 19 қыркүйекте Жезқазғандағы №62 мекемеге этаппен жеткізілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz «Ақжайық» басылымына сілтеме жасап.
Сәрсемалиевке қатысты үкім 14 шілдеде шыққан. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын төтенше қауіпсіз мекемеде өтеуге үкім етті. Ол сот шешіміне шағым түсірмеген. Үкім 3 қыркүйекте заңды күшіне енді.
Жезқазғанның өнеркәсіптік аймағында орналасқан №62 мекеме қазір өмір бойына сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатыр. Бұған дейін ол аралас қауіпсіздік мекемесі болған.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, колонияны қайта бейіндеуге өмір бойына сотталғандарға қосымша орын қажеттілігі себеп болған. Қазір мекеменің үй-жайлары жөнделіп, қайта жабдықталуда.
Ал №62 мекемеде қанша сотталушы отырғаны және Сәрсемалиевтен бөлек тағы кімдердің жеткізілгені жарияланған жоқ.
Айта кетейік, «Қара бүркіт» деп халық арасында Қостанай облысындағы төтенше қауіпсіз мекемені атайды. Онда өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар ұсталады. ҚАЖ комитетінің ресми арнасында да бұл мекеме «Қара бүркіт» деген атаумен танымал екені және онда өмір бойына сотталғандар бар екені көрсетілген.