«Ұятсыздар! Бір стақан су бермеді»: Айгүл Иманбаева Эйр Астана ұшағында болған жағдайды айтты

Редактор
12.03.2026, 09:40
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева ұшақта болған жағымсыз жағдай туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ол Алматыдан Астанаға бағыт алған рейспен екі немересі мен келінімен бірге ұшқан. Ұшақ ауа райына байланысты екі сағатқа кешігіп көтерілген.

Айгүл Иманбаева ораза ұстап отырғандықтан, тамақтан бас тартып, бортсеріктерден бір бөтелке су сұрағанын айтады. Алайда оның сөзінше, ұшақ қызметкерлері бөтелкедегі су жоқ екенін айтып, кейін де өтінішіне жауап бермеген.

«Ауызашарға 20 минут қалғанда бортсерікті шақырдым, бірақ келмеді. Кейін тағы біреуін тоқтатып, бір стақан су сұрадым. Қолымда жылап отырған немерем бар еді. Бірақ ол “қонған соң өзіңіз келіп ішіп кетесіз” деп өтіп кетті», – деп жазды актриса.

Өнер иесі мұндай әрекет жолаушыларға деген құрметсіздік екенін айтып, әуе компания қызметіне қатысты ренішін білдірді.

«Қазір Рамазан айы. Бір стақан су сұрап ала алмадым. Мұндай жағдай әуе компанияның беделіне де әсер етеді», – деді ол.

Кейін актрисаның айтуынша, ол оразасын жақындарының үйіне барып ашқан.