Қазақстанда халықаралық қатынастар саласының профессоры, 46 жастағы Өзбекстан азаматы Икболжон Карабаев тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды. Бұл туралы ғалымның туыстары мәлімдеген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Туыстарының айтуынша, сот отырысы іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтердің болуына байланысты жабық өткен. Отбасы сот шешімі туралы өз дереккөздері арқылы білгенін, Қазақстанның ресми органдарынан хабарлама алмағанын жеткізген. Икболжон Карабаев 3 шілдеде Астанада ұсталған. Жақындарының сөзінше, азаматтық киімдегі бірнеше адам үйіне келіп, тыңшылық жасады деген күдікпен алып кеткен.
Ғалым Астанада жұбайы және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ Бельгиядағы БҰҰ университетінің Аймақтық интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтында (UNU-CRIS) аға ғылыми қызметкер болған. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабында тыңшылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аталған бап мемлекеттік құпияларды шет мемлекеттерге беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді шетелдік барлау тапсырмасымен жинау әрекеттерін қамтиды. Әзірге сот үкімі мен оның нақты мән-жайына қатысты Қазақстанның ресми органдарының ашық мәлімдемесі расталған жоқ.