$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.4

Тоқаев Жансейіт Түймебаевтың еңбегін ерекше атап өтті

Редактор
19.11.2026, 16:38
Коллаж
Коллаж
Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттердің саны да артып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында Қазақстан жоғары білімінің халықаралық деңгейде мойындалуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегіне тоқталды. Президент әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың атқарған жұмысына арнайы назар аударды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындары дипломдарының шетелде мойындалуына жол ашқан маңызды қадам болды.

«Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Қазақстан жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытып келеді. Қазір елімізде осы бағытта 40 стратегиялық серіктестік келісімі жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 11 мемлекеттің жетекші университеттері Қазақстанда өз филиалдарын ашқан. Бұл оқу орындарында 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.

Сондай-ақ Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттердің саны да артып келеді. Былтыр олардың саны 31 мың болса, қазір 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астам студент еліміздің қаржылай қолдауымен білім алып жатыр.