Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астананың асабаларымен кездесіп, қазақ тойларындағы ысырапшылдық пен орынсыз бәсеке мәселесін көтерді. Жиында бейәдеп ойындар, артық шығын және дастарқанға шамадан тыс көп тағам қою мәселелері талқыланды, деп жазды Вairaqmedia.kz.
ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ислам және адал қоғам» жылы аясында өткен «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесуге мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист әрі диктор Зейін Әліпбек, сондай-ақ Астана қаласының той жүргізушілері қатысты. Бас мүфти қазіргі кезде той өткізу мәдениеті өзгеріп, кейбір басқосулар жарыс пен мақтанға айналып бара жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бұрын қазақ тойды қымбат әнші шақыру немесе залды сән-салтанатпен безендіру үшін емес, ағайынның басын қосып, үлкендердің батасын алу және жастарға тәрбие беру мақсатында өткізген.
«Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен тыс безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда екенін атап өтті. Кездесу барысында асабалар да өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.