$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.4

«Келін бөлек шыққысы келді»: Ақбота Керімбекова ұлының неге ажырасқанын айтты

Редактор
19.11.2026, 15:45
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Ақбота Керімбекова ұлының ажырасу себебін ашық айтты

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова үлкен ұлының отбасылық өмірі не себепті сәтсіз аяқталғанын айтып, бұрынғы келінімен араласпайтынын жасырмады. Өнер иесі бұл туралы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Әншінің айтуынша, үлкен ұлының ажырасуына келінінің бөлек тұруды қалауы себеп болған. Алайда бала әжесінің қолында өскендіктен, үйден кетуге келіспеген.

«Үлкен ұлымның ажырасуының себебі — келін бөлек шыққысы келді. Ал бала апасының бауырына басқан баласы. Мен жалғыз қыз болғаннан кейін анам үлкен ұлымды бауырына басқан. Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді. Бәрі содан басталды», – деді әнші.

Ақбота Керімбекова жас отбасының ажыраспауы үшін барынша тырысқанын, тіпті бөлек тұруына да қарсы болмағанын жеткізді.

«Бөлек шықсаңдар шығыңдар, ажыраспаңдар деп те айттық. Өзіңнің өміріңдегі қателіктерді балаларың жасамаса екен деп тілейсің. Біз біраз тырыстық. Екі жаққа кетті, өз өмірлерін сүріп жатыр», – деді ол.

Әнші қазіргі уақытта бұрынғы келінімен араласпайтынын да ашық айтты. Оның сөзінше, келіні қарым-қатынасты жалғастыруға ниетті емес.

«Қазір келініммен араласпаймын, араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасса баланы алып қашады? Ата-енесіне, әкесіне берсін, олар да көмектессін. Сол әулеттен туды, солардың ұрпағы», – деп қынжылды өнер иесі.

Сұхбат барысында Ақбота Керімбекова ажырасқан отбасылардағы балалардың ата-әжесімен байланысы үзілмеуі керектігін айтып, жас аналарға үндеу жасады.

«Қыздарға немерем деп қуанған ата-әжелердің жүрегін ауыртпаңдаршы дегім келеді», – деді әнші.