$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.4

Апат пен алапат: төтенше жағдай қандай кезде жарияланады?

Редактор
19.11.2026, 20:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Төтенше жағдай жариялаудың құқықтық негізі бар

Су тасқыны, жер сілкінісі, техногендік апат, жаппай тәртіпсіздік немесе ел қауіпсіздігіне төнген қатер. Мұндай жағдайларда мемлекет қандай шешім қабылдайды? Төтенше жағдай жариялаудың құқықтық негіздері қандай? Президенттің өкілеттігі қай деңгейде? Ең бастысы, ерекше режим кезінде азаматтардың құқықтары қалай қорғалады?

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменовтың айтуынша, төтенше жағдай – мемлекеттің қалыпты басқару тәртібінен уақытша ерекше режимге көшуін көздейтін құқықтық тетік. Оның қажеттілігі қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қатер төнген кезде туындайды.

Алайда төтенше жағдай жариялау кез келген күрделі оқиғаға берілетін жауап емес. Ол – заңмен нақты шектелген, белгілі бір негіздер мен рәсімдерге бағынатын мемлекеттік шешім.

«Қазақстанда бұл мәселе «Төтенше жағдай туралы» заңмен реттеледі. Құжат мемлекеттің ерекше жағдайдағы әрекет ету тәртібін, мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтардың құқығына қойылатын уақытша шектеуді және арнайы басқару механизмін айқындайды.Заңның негізгі мақсаты – төтенше жағдайдың алдын алу, туындаған қатерді оқшаулау, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қалыпты тіршілікті қалпына келтіру», – дейді Ж.Түйменов.

Оның айтуынша, ерекше құқықтық режим кезінде мемлекеттің өкілеттігі кеңейгенімен, азаматтардың кейбір құқықтары уақытша шектелуі мүмкін. Сондықтан мұндай шешімнің заңдылығы, негізділігі және қажеттілігі айрықша маңызға ие.

Төтенше жағдай жариялаудың құқықтық негізі

Заңның 4-бабында төтенше жағдай енгізудің негізгі шарттары мен негізі белгіленген. Олардың барлығы елдің қауіпсіздігіне, конституциялық құрылысына, егемендігіне, аумақтық тұтастығына немесе азаматтардың өміріне төнген елеулі әрі тікелей қатермен байланысты.

Заңда мұндай негіздер екі үлкен санатқа бөлінеді. Біріншісі – әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар. Оған конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгерту әрекеттері, террористік актілер, билікті күшпен басып алуға ұмтылу, жаппай тәртіпсіздіктер, этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар жатады. Сондай-ақ стратегиялық нысандарды басып алу, заңсыз қарулы құрылымдардың әрекеті, қарулы бүлік, диверсия және мемлекеттік шекараны жаппай заңсыз кесіп өту де төтенше жағдай енгізуге негіз болуы мүмкін.

Ал екіншісі – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар. Олардың қатарына жер сілкінісі, су тасқыны, сел, қар көшкіні, ірі өрттер, эпидемиялар, экологиялық дағдарыстар, өндірістік және көлік апаттары, жарылыстар, қауіпті химиялық немесе радиоактивті заттардың таралуы кіреді.

«Мұнда мемлекеттің басты міндеті – адам шығынын болдырмау, апаттың таралуына жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Маңыздысы, заң тек орын алған апатқа ғана емес, оның нақты қаупі туындаған жағдайға да назар аударады. Яғни мемлекет қатердің салдарын күтпей, алдын ала әрекет етуге құқылы», – дейді төтенше жағдай саласының өкілі.

Бірақ кез келген су тасқыны немесе өндірістік апат автоматты түрде ерекше құқықтық режим енгізуге негіз болмайды. Қауіптің ауқымы, сипаты және заңда көрсетілген талаптарға сәйкестігі ескерілуге тиіс.

Төтенше жағдай енгізудің конституциялық тетігі

Қазақстанда төтенше жағдайды енгізу туралы шешімді Президент қабылдайды. Заңның 5-бабына сәйкес, ол елдің бүкіл аумағында немесе жекелеген өңірлерінде төтенше жағдай енгізе алады. Бұл ретте Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен ресми консультация өткізіледі. Президент тиісті жарлық шығарады. Құжатта төтенше жағдай енгізудің себептері, аумақтық шекарасы, қолданылу мерзімі, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштер мен құралдар, сондай-ақ азаматтардың құқықтарына қойылатын уақытша шектеулер көрсетіледі. Жалпы, төтенше жағдай жариялау – жай ғана әкімшілік шешім емес. Ол мемлекеттің қауіпсіздік саясатына, азаматтардың құқықтарына және қоғамдық өмірге тікелей әсер ететін конституциялық маңызы бар шешім.