Ақмола облысында бір тәулік ішінде үш ауыр жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алты адам көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы қайғылы оқиға «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында болған. Renault Sandero мен ВАЗ-2106 көліктері соқтығысып, салдарынан ВАЗ жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Renault жүргізушісі ауруханаға жеткізілген Екінші жол апаты «Астана – Атбасар – Жақсы» тасжолының 252-шақырымында тіркелді. Hyundai Accent көлігі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Ал үшінші апат «Аршалы – Ерейментау – Павловка» автожолында, Тайбай ауылының маңында болған. Honda Odyssey жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, аударылып кеткен.
Салдарынан көліктегі екі әйел оқиға орнында қаза тауып, жүргізуші мен тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген. Полицияның хабарлауынша, жол апаттарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қайғылы оқиғалардың нақты себептері анықталып жатыр.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жылдамдықты асырмауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және барынша мұқият болуға шақырды.