Алматыдағы құрылыс дүкендерінің бірінде әйел адам әріптесінің соққысына жығылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғадан кейін дене жарақатын алғанымен, полиция арызын тіркеуге және сот-медициналық сараптамаға жіберуге асықпаған. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Жәбірленуші әлеуметтік желіде болған жағдай туралы жазба жариялаған. Оның сөзінше, спорт шебері атағы бар әріптесі өзіне күш қолданған.
«Әріптесім, спорт шебері мені ұрып-соқты. Қазір екінші күн болды, арызымды тіркей алмай жүр. Соққы іздері басылғанша күтіп отыр, сараптамаға жібермеді. Орташа дәрежедегі ми шайқалуы және көру қабілетім -2», – деп жазған алматылық әйел.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, әріптестер арасында жанжал туындап, оның барысында ер адам әйелге күш қолданған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның хабарлауынша, тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген. Нәтижесінде оқиғаның қосымша мән-жайы анықталған. Атап айтқанда, әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны бейнежазбаға түскен.
«Оның әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Полиция қылмыстық істі тіркемеді және сот-медициналық сараптама тағайындамады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.