Қазақстандық продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм журналист Сәуле Базархан туралы естелігімен бөлісіп, қазіргі қоғамдағы өсек пен жала мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Продюсердің айтуынша, Сәуле Базарханның ерекше қасиеттерінің бірі – ешқашан біреуді жамандамай, өсек айтпауы болған.
«Жанымызда жүрген қаншама қыздардың арасында Саулешіміздің ерекше қасиеті, өсек айтып ешқашан біреуді жамандайтын. Жай кетпеді, көп нәрсені ұғындырып, өмірдің тез біте салуы мүмкін екенін шегелеп тұрып түсіндіріп кеткендей халде жүрмін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова бүгінде әлеуметтік желілер мен қоғамда өсек-аяңның көбейгенін айтып, мұндай жағдайға алаңдайтынын жеткізді.
«Қарап отырсам, қазіргі уақытта қоғам болсын, адамдар арасында өсектен көз ашпайсың. Біреуді жамандау, өсектеу. Тұрсынбектің әйелі бүйтіпті, Баян былай депті, қыздары солай депті, анау Динара Сәтжанға тиісіпті, Гүлзираның үш келінінің қайсы сұлу талдап жіберейік, әйтеуір өсектен көз ала алмай ютуб, инста бәрі тек бір-бірін тілдеп жатқан біреу», – деді продюсер.
Ол сондай-ақ қоғамда қылмыс, алаяқтық және хайп қуудың көбейгенін сөз етіп, бұрынғы құндылықтардың қайта оралғанын қалайтынын жеткізді.
«Тыныш заманда, тыныш өмір сүріп, әр адам адал еңбегімен, бақытты ғұмырлы, абыройлы, берекетімен өмір сүретін баяғы замандағы үлкенге деген құрмет, ұятымыз, әдет-ғұрпымыз қайта оралса екен», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Жазба соңында ол «Сүрінгенмен бүлінгенді сөз етпе, сенде тұрсың, менде тұрмын кезекте!» деген нақылды еске салды.