Қазақстандық әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желіде жұбайы Райымға арнап әсерлі жазба жариялап, оған деген ризашылығы мен сүйіспеншілігін білдірді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, өмірде де, шығармашылық жолында да ең үлкен қолдаушысы – жұбайы Райым.
«Ел біледі… Менің өнерде де, өмірде де арқасүйерім, қолдаушым, демеушім, мені "әлемнің ең кереметіне теңеушім" – Райым екенін. Барлығы үшін рахмет. Сүйем сені!» – деп жазды әнші.
Сондай-ақ Ерке Есмахан желі қолданушылары арасында жиі айтылатын «күйеуім» деген сөзін әзілмен түсіндіріп өтті.
«Тек менде күйеу бардай, "күйеуім, күйеуім" деп айта беретінім де осы», – деп жазды ол.
Әнші қыз-келіншектерге де ақ тілегін арнап, әр әйелдің жанында қолдап, қанаттандыратын жар болғанын қалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар ол ер азаматтың қадірі жасына емес, жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
«Ер адамның ата-анасына құрмет көрсетіп, жақындарына қамқор болып, жары мен балаларына сүйеніш болуы – оның санасына байланысты. Ер азаматтар аман болсын!» – деп түйіндеді Ерке Есмахан.