Талғар ауданында бір топ жігіт ер адамды ұрып-соққан, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Алматы облысы полиция басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға 27 сәуірде таңертең Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Алайда бұл жағдай бойынша полицияға азаматтардан арыз немесе хабарлама түскен жоқ. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталды.
Қазір көшедегі жанжалға қатысқан барлық тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Күдіктілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетсек, былтыр 3 қазанда Талғарда жаппай төбелес кезінде жасөспірім Шерзат Полатты пышақтап кеткен болатын. Қазір оқиға бойынша 9 адамға айып тағылып, қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Бүгін Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың марқұм нағашы ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың көзі тірісінде берген жауабы оқылды.