Алматы облысында мектептің дәретханасында оқушыларды соққыға жыққан сотқар оқушы басқа білім ордасына ауыстырылған. Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасы жүргізген тексеріс барысында анықталған деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Жоғары сынып оқушысының өзінен кіші сыныптың оқушыларын ұрып жатқаны көрінетін бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған болатын. Бұл жағдай Іле ауданы, Қараой ауылындағы №49 мектебінде болғаны анықталды. Осыдай соң аталған білім ордасында тексеріс басталған-ды.
Алдын-ала жүргізілген зерттеу нәтижесінде оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында орын алғаны, ал құқық бұзушылыққа жол берген оқушы 2025 жылдың наурыз айында басқа мектепке ауыстырылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тексеру іс-шаралары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуде. Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ жүйелі сипаттағы бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында мониторинг жүргізілуде, - деп мәлімдеді Алматы облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Айжан Ізбасар.
Айжан Ізбасардың сөзінше, тексеру қорытындысына сәйкес оқиғаға қатысқан оқушылармен қатар, тәрбиелік жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және жоғары тұрған органдарды уақытылы хабардар етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралмақ.
Бұл оқиға мектеп әжетханасында болған. Тізіліп тұрған жасөспірімдерді жоғары сынып оқушысы бірінен соң бірін кезекпен ұрып шығады. Ешбірін аямай, басы мен денесіне соққы береді. Балағат сөздерін де жаудырған. Ал, кіші сынып оқушылары оның соққысы мен әдепсіз сөздерін үнсіз қабылдап тұрғанын байқауға болады.
Ал, Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқық бұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері қоғамдық тәртіп пен заңдылық қағидаларын өрескел бұзу болып табылады. Осы тәріздес құқықбұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлғалар заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатын болады, - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.