$ 470.28
 537.53
 5.99

Табиғи қауіптермен күресте ескі әдістер жүрмейді: шешімі қандай?

Редактор
21.07.2026, 08:07
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Жүйелердің бар болуы жеткіліксіз.

Алматы қаласы мен Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары сел мен жер сілкінісі тұрғысынан ең осал өңірлер саналады, деп жазды Bairaqmedia.kz.

Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, урбанизацияның күшеюі және таулы аймақтардағы құрылыс көлемінің артуы бұл қауіптердің ықтималдығын одан әрі арттырып отыр. Сондықтан төтенше жағдайларға дайындық бүгінде тек құтқару қызметінің емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағытына айналды.

Осыған байланысты сегізінші шақырымдағы Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Үкімет сел қауіпсіздігіне, кейін сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты депутаттық сауал жолдағаны есімізде. Үкімет өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты жауап берді. Екі құжатты салыстырғанда бір қызық жайт байқалады. Яғнитараптар қауіптің бар екенін жоққа шығармайды, алайда мәселені шешудің тәсіліне келгенде ұстанымы әртүрлі.

Депутаттардың пікірінше, қазіргі табиғи қауіптерге бұрынғы әдістермен қарсы тұру жеткіліксіз. Олар Мемлекет басшысының табиғи апаттарды болжауда цифрлық технологияны пайдалану жөніндегі тапсырмасына сүйене отырып, Қазақстанның алдын алу жүйесі әлі де болса бытыраңқы екенін айтады. 

Мұны бұрынғы Мәжіліс депутаттары Нұржан Байтілесов пен Данебек Исабек те қолдап, соңғы жылдары елімізде 17 сел оқиғасы тіркелгенін, алайда қолда бар ақпараттың тәуекелді толық бағалауға мүмкіндік бермейтінін атап өтеді. Олардың айтуынша, инженерлік қорғаныс нысандарының құрылысы баяу жүріп жатыр, ал халықты төтенше жағдайлар туралы хабардар ету деңгейі небәрі шамамен 50,5 пайызды құрайды. Сондықтан олар сел қауіпсіздігі бойынша жеке мемлекеттік бағдарлама қабылдауды, қорғаныс құрылыстарына аудит жүргізуді, барлық қауіпті аймақтарды толық қамтитын ескерту жүйесін енгізуді және жасанды интеллект негізіндегі бірыңғай болжау платформасын құруды ұсынды. 

Депутаттар халықаралық тәжірибеге де сүйенеді. Жапонияда инженерлік қорғаныс мониторингпен қатар дамыса, Швейцарияда барлық сенсорлық ақпарат жасанды интеллект арқылы өңделеді. Олардың пікірінше, Қазақстан да табиғи апат болғаннан кейін әрекет ететін емес, оны алдын ала болжайтын модельге көшуі тиіс. 

Үкімет болса мәселені басқа қырынан түсіндіреді. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында сел қауіпсіздігі бойынша жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеудің қажеттілігі жоқ екені айтылған. Оның орнына бұл бағыттағы жұмыстар Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға арналған қолданыстағы бағдарлама арқылы жүзеге асырылып жатқаны көрсетілген. 

Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта «Ақсай» және «Шүкірбұлақ» селден қорғау бөгеттерінің құрылысы жалғасып жатыр. Алматы облысында Түрген өзені алабындағы мұздық көлдерде алдын алу шаралары жүргізілген. Сонымен қатар Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында қауіпті өзендерге автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. 

Дәл осындай пікірталас сейсмикалық қауіпсіздік мәселесінде де жалғасады.

Депутаттардың пікірінше, жер сілкінісі кезінде ең маңыздысы – алғашқы бірнеше секунд. Сондықтан әлемдік тәжірибедегідей геодеректерді, құрылыс саласын, мониторингті және халықты құлақтандыру жүйесін біріктіретін бірыңғай цифрлық контур қажет. Олар Жапониядағы UrEDAS және АҚШ-тағы ShakeAlert жүйесін мысалға келтіріп, Қазақстанның да осы деңгейге ұмтылуы тиіс екенін атап көрсетеді. 

Сонымен бірге депутаттар қазіргі мониторинг жүйесі жұмыс істегенімен, оны ұлттық деңгейдегі цифрлық экожүйеге біріктіру, жасанды интеллектті кеңінен енгізу және сейсмикалық аудандастыру карталарын толық әзірлеу қажеттігін айтады. 

Үкімет бұл сындарға жауап ретінде нақты көрсеткіштерді ұсынады. Ресми мәлімет бойынша, 2024-2028 жылдарға арналған сейсмология саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардағы 52 іс-шараның 22-сі орындалған. Елде 143 сейсмикалық станция жұмыс істейді. Алматыда өткен жылдан бастап қосымша 70 станция орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жеті сейсмикалық аудандастыру картасы бар және тағы 12 картаны әзірлеу жоспарланған. 

Үкімет сондай-ақ «Mass Alert» жүйесін жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесімен біріктіру, архивтік сейсмологиялық материалдарды толық цифрландыру және мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдейді. 

Екі бағыттағы хаттарды салыстырғанда бірнеше маңызды қорытынды жасауға болады.

Біріншіден, депутаттар мен Үкімет табиғи қатерлердің күшейіп келе жатқанын толық мойындайды. Бұл мәселеде көзқарас қайшылығы жоқ.

Екіншіден, пікір айырмашылығы басқару моделінен туындайды. Депутаттар сел қауіпсіздігіне арналған жеке мемлекеттік бағдарлама қабылдауды, тұрақты қаржыландыруды және бірыңғай цифрлық платформаны талап етеді. Ал Үкімет қолданыстағы бағдарламалар жеткілікті деп есептеп, оларды жетілдіру жолын таңдаған.

Үшіншіден, цифрландыру бүгінде басты басымдыққа айналып отыр. Екі тарап та жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандырылған мониторинг және жедел құлақтандыру жүйелері табиғи апаттарға қарсы күрестің негізгі құралы болуы тиіс деген ортақ пікірде.

Дегенмен, ең маңызды мәселе – енгізіліп жатқан технологияның нақты тиімділігі. Жүйелердің бар болуы жеткіліксіз. Олар халыққа қауіп туралы секундтар ішінде хабар беріп, құтқару қызметтеріне жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беруі керек. Табиғи апаттардың жиілігі артып келе жатқан кезеңде Қазақстан үшін басты міндет – төтенше жағдайға әрекет ететін елден, қауіптің алдын алатын интеллектуалды мемлекетке айналу.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау