$ 454.31
 528.04
 5.25

«Камера жоқ жерге апарып ұрған»: Ақтөбеде 18 жастағы сарбаз ауруханаға түсті

Редактор
08.09.2026, 10:54
lada.kz.
lada.kz.
«Камера жоқ жерге апарып ұрған»: Ақтөбеде 18 жастағы сарбаз ауруханаға түсті

Ақтөбеде әскер қатарына шақырылғанына небәрі үш ай болған 18 жастағы мерзімді қызмет сарбазы Еркебұлан Досымбет ауруханаға түсті. Жігіттің анасы ұлының әскери бөлімде сержанттар тарапынан соққы көргенін айтады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тексеру басталды, деп хабарлады  Вairaqmedia.kz.

Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, ұлының ауруханаға түскенін отбасы дәрігерлерден білген. Хабарды естіген әйел күйеуімен бірге дереу Ақтөбеге аттанып, 15 сағат жол жүрген.

Анасының сөзінше, ауруханаға жетіп, ұлын көрген кезде оның жағдайына қатты алаңдаған. Lada.kz мәліметінше, әйел сарбаздың үш ай ішінде қатты өзгеріп кеткенін айтқан.

«Көзі шүңірейіп кеткен, сақал-мұрты өсіп кеткен, қатты арықтапты. Үстіндегі киімі де өте лас болды. Тіпті ауыстыратын киімін де әкелмеген. Физикалық тұрғыдан да, эмоциялық жағынан да қатты әлсіреген», – деді сарбаздың анасы.

Қазір 18 жастағы жігіт ауруханада ем қабылдап жатыр. Анасының айтуынша, оған катетер қойылған, өзі зәр шығара алмайды.

Туыстарының сөзінше, Еркебұлан әскери қызмет кезінде сержанттардың өзін бірнеше рет соққыға жыққанын айтқан.

«Ол өзін бәрі бірдей емес, үшеуі ұрғанын айтты. Сержанттар ара-тұра соққыға жығып отырған. Камера жоқ каптеркаға апарып, сол жерде ұрған», – дейді анасы.

Дәрігерлер сарбаздың денесіне соққы тиген болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның денсаулығындағы мәселелердің нақты себебі медициналық тексеру барысында анықталмақ.

Еркебұлан Досымбет Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімге үш ай бұрын келген. Қазір аталған бөлімде тексеру жүргізіліп жатыр.

№6655 әскери бөлім командирінің орынбасары Төлеген Тұрақбаевтың мәліметінше, Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының әскери-тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

5 қыркүйекте Ақтөбеге Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы мен арнайы комиссия барған. Қазіргі уақытта кешенді іс-шаралар жүргізіліп, қызметтік тергеу жалғасып жатыр.

Сонымен қатар сержанттардың бірі журналистерге Еркебұлан Досымбеттің бұйрыққа бағынбағанын көрсетуі мүмкін деген видео ұсынған. Алайда бұл бейнематериалдың оқиғаға қаншалықты қатысы бар екені және тараптардың айтқан деректерінің растығы тергеу барысында анықталмақ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау