$ 447.94
€ 502.32
₽ 5.52

Шымкент мектептерінде қауіпсіздік сабақтары өтіп жатыр

Редактор
23.10.2026, 15:30
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Полиция оқушыларға мектептегі буллинг пен интернет-алаяқтықтың алдын алу мен заңды түсіндірді

Шымкент қаласында балалардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі шаралар іске асуда. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері шаһардағы білім ошақтарында арнайы профилактикалық кездесулер сериясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz қалалық білім басқармасына сілтеме жасап. 

Басқарманың мәліметінше, кезекті түсіндіру жұмыстары №80 жалпы білім беретін орта мектептің 9–10-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдерге қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелер бойынша жан-жақты мағлұмат берді. Атап айтқанда, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың арбауына түсіп қалмау жолдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен бірге қоғамда үлкен қауіп тудырып отырған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, мектеп ортасындағы буллинг пен буллингке қарсы күрес тәсілдері сарапқа салынды.

Полиция қызметкерлері оқушыларға ел заңнамаларының талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертіп, кез келген құқық бұзушылықтың артында заңды жауапкершілік пен теріс салдар жатқанын нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар жасөспірімдерге өмірде кездесетін қауіпті жағдайларда өзін-өзі қорғау және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пайдалы кеңестер берілді.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, өскелең ұрпақтың амандығы мен құқықтық сауаттылығын арттыру — полиция қызметінің әрдайым басты назарында тұратын басым бағыттардың бірі. Мұндай ағартушылық және профилактикалық кездесулер Шымкент қаласының өзге де білім беру мекемелерінде тұрақты түрде жалғасады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау