Аймақ

Су тапшылығы: Балқаш құрғап кетпес үшін не істеу керек?

09:22, 23 маусым 2025 18

Су ресурстары және ирригация министрлігі Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Алматы облысының Балқаш ауданында кең ауқымды далалық экспедиция өтті. Оны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Француз ғылыми консорциумы, еліміздің ғылыми ұйымдары және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.

Экспедицияның мақсаты – Балқаш көлі бассейніндегі су ресурстарының жай-күйін кешенді зерттеу, оның ішінде жерүсті және жерасты суларының мониторингі, суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын талдау, өңірдің су балансын модельдеу үшін далалық деректерді жинау және тексеру.

Мамандар Бояулы, Береке, Бақанас, Бақбақты және Бірлік ауылдық округтеріндегі суару жүйелерін аралап көрді. Тексеру барысында ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту, каналдардың техникалық жай-күйі, инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ суды қайта пайдалану, мелиорациялық жүйелердің жай-күйі және жерасты суларының деңгейі туралы да айтылды. 

Экспедиция қатысушылары Алматы облысының негізгі су айдындарын, оның ішінде Қапшағай су қоймасын, Іле өзенінің сағасын, мелиорациялық және артезиан ұңғымаларын және Сорбұлақ көлін аралады. Сондай-ақ Алматыдағы жетекші ғылыми-зерттеу институттарында кездесулер ұйымдастырылды.

🗣
«Зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға ұсыныстар қамтылған талдамалық есеп дайындалады. Француз сарапшыларымен бірлесіп іске асырылып жатқан бұл жоба 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан зерттеулер Қазақстан мен Франция арасындағы экология, су пайдалану және ғылыми алмасу саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаменті директорының орынбасары Марат Иманалиев.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) арасында Балқаш көлі бассейнін бірлесіп зерттеу және көлді сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге грант бөлу қарастырылған үшжақты келісімге қол қойылған болатын.
 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз