Сарыағаштағы атышулы медреседе жүргізілген тексеріс қорытындысы белгілі болды. Буллинг белгілері оқытушылар тарапынан да анықталған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz total.kz-ке сілтеме жасап.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның мәліметінше, қазір буллингке ұшыраған студенттерге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Сарыағаштағы медреседе болған жағдайға қатысты жолдаған хатыңызға жауап ретінде хабарлаймын: Сарыағаш медресе-колледжінде тексеріс жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, студенттер арасында да, оқытушылар тарапынан да буллинг белгілері анықталды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылданатын болады. Буллингке ұшыраған студенттерге психологиялық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр, — делінген Динара Зәкиеваның жауабында.
Еске салсақ, бұл жағдай Түркістан облысындағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы мешітте болған еді. Сарыағаш медресе-колледжінің құрылтайшысы Әбдіжаппар Сманов таң намазында шәкірттерге насихат айтқан. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан уағыз айтып отырған ақсақалдың аяғын 3 баланың уқалап отырғанын байқауға болады. Бұған көпшілік наразылығын ашық білдірген болатын. Ал, ҚМДБ балаларға аяғын уқалатқан Әбдіжаппар ұстазға ескерту жасаған-ды.