$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.6

Сот істері 28 пайыздан астам өсті: Қазақстанда қандай даулар көбейген?

Редактор
27.10.2026, 14:24
ақОРДА
ақОРДА
Қазақстанда сотқа жүгінгендер көбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Кездесуде еліміздегі сот жүйесінің жұмысы, азаматтардың сотқа сенімі және сот ісін жүргізуді цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Асламбек Мерғалиев Президентке биылғы тоғыз айда сот органдары 24,8 мың қылмыстық істі қарағанын мәлімдеді.

Әсіресе азаматтық істер саны айтарлықтай артқан. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда олардың саны 28,4 пайызға өсіп, 605 мыңнан асқан. Бұған банкроттық, тұрғын үй және жер даулары, сондай-ақ келісімшарттық міндеттемелерге қатысты талап-арыздардың көбеюі себеп болған. Сонымен қатар соттар 29,2 мың әкімшілік іс пен 319 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қараған. Даулардың жартысына жуығы медиация және өзге де балама тәсілдер арқылы реттелген.

Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны 934-тен 1704-ке дейін артқан. Кездесуде азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі де сөз болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдан бері сот жүйесіне толық сенім білдіретіндердің үлесі 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен.

Жоғарғы сот төрағасы Мемлекет басшысына сот жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету және сот ісін жүргізу үдерісін цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы да есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын арттыру және сот жүйесін одан әрі жаңғырту шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау