$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.6

«Дос-Мұқасанның» негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа қатысты петиция жарияланды

Редактор
27.10.2026, 15:02
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Келесі жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 60 жыл толады

Қазақстандықтар аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, композитор Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруді талап етіп, ресми петиция жариялады. Бастама 26 қазанда ePetition мемлекеттік платформасында тіркелген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Петиция авторлары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдениет және ақпарат министрлігіне үндеу жолдап, өнер майталманын 2027 жылы мемлекеттік марапатқа ұсынуды сұраған. Өйткені келесі жылы қазақ эстрадасының тарихында ерекше орны бар «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 60 жыл толады. Бастамашылардың айтуынша, Мұрат Құсайынов жарты ғасырдан астам уақытын қазақ музыкасына арнағанымен, әлі күнге дейін «Қазақстанның халық әртісі» атағын алмаған.

«Дос-Мұқасан» ансамблі 1967 жылы құрылып, қазақтың халық әндерін заманауи рок және поп-музыкамен үйлестірген алғашқы ұжымдардың біріне айналды. «Той жыры», «Қуанышым менің», «Туған жер» секілді әндері бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен орын алды. Мұрат Құсайынов 1973 жылдан бері ансамбльге жетекшілік етіп келеді. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарына ие, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Министрлік бұған дейін не деген?

2025 жылғы желтоқсанда Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрат Құсайыновқа халық әртісі атағын беру туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеген. Ведомство тиісті құжаттар ұсынылған жағдайда оның кандидатурасын белгіленген тәртіппен қарауға дайын екенін жеткізген. Ал жаңа петиция авторлары өнер иесінің шығармашылық еңбегі мен мемлекеттік марапаттарын ескере отырып, оны жоғары атаққа ұсынуды сұрайды. Қазір петиция қол жинаудың бастапқы кезеңінде. Алдымен бастаманың келесі кезеңге өтуі үшін кемінде 50 қол жиналуы қажет. Республикалық деңгейдегі петицияны мемлекеттік органның ресми қарауына шығару үшін жалпы 50 мың азаматтың қолдауы талап етіледі.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау