$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.6

Даурен Серғазин: Мемлекеттік қолдау қазақ өнерінің жаңа белестерге көтерілуіне жол ашады

Редактор
27.10.2026, 15:46
Ақпарат және мәдениет министрілігі
Ақпарат және мәдениет министрілігі
Театр мен кино қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Марапат иелерінің қатарында театр және кино саласының өкілі Даурен Серғазин де бар. Өнер иесі «Құрмет» орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Даурен Серғазиннің айтуынша, мұндай марапат өнер адамдарына жаңа серпін беріп, шығармашылық ізденіске ынталандырады. Оның пікірінше, театр мен кино қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мәдениет саласын қолдау, отандық өнердің дамуына жағдай жасау және жас таланттарға мүмкіндік беру маңызды.

Сұхбат барысында өнер иесі мемлекеттік қолдаудың мәдениет саласының дамуына әсері, қазақ театры мен киносының жетістіктері, жасанды интеллектінің өнерге әкелген жаңа мүмкіндіктері және ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде таныту мәселелері жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ білім мен мәдениетке салынған инвестицияның ел болашағы үшін маңызына тоқталды.

— Республика күні қарсаңында Сізге мемлекеттік награда – «Құрмет» ордені табысталды. Бұл марапатты шығармашылық жолыңызға берілген баға ретінде қалай қабылдайсыз? Жалпы, мемлекет тарапынан өнер адамдарының еңбегін бағалау ұлттық мәдениеттің дамуына және шығармашылық өкілдерінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне қалай әсер етеді?

— Әрине, бұл орден мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Өнер адамдары марапат үшін емес, халықтың көңілінен шығу, елдің рухани өміріне үлес қосу үшін еңбек етеді.

Дегенмен, осындай марапаттар еңбегіңнің еленіп, бағаланып жатқанын сезіндіреді. Бұл – адамға күш-қуат беріп, қанат бітіретін үлкен қолдау.

Мен бұл марапатты тек өз еңбегімнің бағалануы деп қабылдамаймын. Мұны ата-анамның тәрбиесіне, ұстаздарымның тәліміне, өзім қызмет еткен театр ұжымының еңбегіне және халқымыздың құрметі мен ықыласына берілген баға деп білемін. Өйткені өнер жолындағы жетістікке жетуде айналаңдағы адамдардың қолдауы мен сенімінің орны ерекше. Әрине, өнер адамы үшін де, жалпы кез келген сала маманы үшін де мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет үлкен қуаныш сыйлап, жауапкершілігін арттыра түседі.

Бүгінде елімізде өнер мен мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа театрлар салынып, мәдениет нысандары жаңартылып, шығармашылық ұжымдардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы ұлттық өнеріміздің өркендеуіне, мәдени мұрамыздың сақталып, кейінгі ұрпаққа жетуіне жол ашады.

Мемлекет пен өнер адамдары арасындағы осындай сабақтастық мәдениет саласының дамуына тың серпін береді. Өнерге көрсетілген қолдау – халықтың рухани байлығына, ұлттық құндылықтарымыздың нығаюына қосылған үлес. Сондықтан шығармашылық адамдарына көрсетілген құрметті олардың еңбегіне берілген баға ғана емес, жаңа белестерге жетелейтін сенім деп қабылдаймын.

Осы орайда марапатқа ие болған барша азаматты шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін!

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған сөзінде ұлттық тарихымызды терең танып, мәдени мұрамызды құрметтеу және оны келер ұрпаққа жеткізу маңызды екенін атап өтті. Сіздің ойыңызша, театр мен кино өнері тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық болмысты сақтауға қаншалықты ықпал етеді?

— Театр мен кино қоғамға өте қажет. Өйткені көрермен театр мен киноға демалу, белгілі бір сұрақтарға жауап табу, өзін және өзгені тереңірек тану үшін барады. Өнер адамды ерекше сезімге бөлеп, оның жүрегіне жол табады, рухани дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті дамытуға, өнер адамдарының еңбегін бағалауға және шығармашылық саланың әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл – еліміздің рухани дамуына, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына және мәдениетіміздің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын маңызды бағыт.

Қазір жасанды интеллект пен ғылым қарқынды дамып келеді. Бұл үдеріс өнер саласына да жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Сондықтан өнер де заман талабына сай дамып, көрерменнің талғамы мен сұранысына жауап бере білуі қажет. Бұл ретте өнер адамдарының шығармашылық ізденісімен қатар, мемлекеттің жүйелі қолдауының маңызы зор.

Бүгінде елімізде кино өндірісіне қолдау көрсетіліп, мемлекеттік театрларда түрлі қойылымдар сахналанып келеді. Мұндай бастамалар отандық өнердің өркендеуіне, шығармашылық мамандардың әлеуетін танытуына және көрерменге сапалы туындылар ұсынуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан мәдениетке көрсетілген қолдау осы саланың дамуына серпін беріп, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады.

Өнердің қоғам қалыптастырудағы рөлі ерекше. Ол адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани тәрбиесіне ықпал етеді, ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруде театр мен киноның орны бөлек.

Сонымен қатар, өнер адамға өмірлік сұрақтарға жауап іздеуге, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан театр мен киноны дамыту – қоғамның рухани әлеуетін арттыруға қосылған үлес. Мемлекет басшысы айқындаған мәдениет пен руханиятты дамыту бағыты отандық өнердің өркендеуіне және ұлттық құндылықтарымыздың келер ұрпаққа жетуіне жол ашады.

— Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге бөлінгенін, осы кезеңде 1 342 заманауи мектеп салынғанын және жастарға 655 мыңнан астам жоғары білім гранты берілгенін айтты. Бұл бастамалар адам капиталын дамытуға бағытталған саясаттың маңызды көрсеткіштері ретінде аталды. Сіздіңше, білім мен мәдениетке жасалған инвестиция елдің болашағына қалай әсер етеді?

—Кез келген сала, әсіресе мәдениет, мемлекет тарапынан қолдауға және қаржыландыруға мұқтаж. Өйткені қазіргі әлем қарқынды дамып, жаһандық мәдени байланыстар кеңейіп келеді. Бүгінде адамдар әлемнің кез келген нүктесіндегі өнер туындыларын тамашалап, түрлі халықтардың мәдениетімен таныса алады.

Осындай мүмкіндіктер жағдайында ұлттық мәдениетіміз бен отандық өнерді дамыту, оны кеңінен таныту маңызды. Өнеріміз заман талабына сай дамып, көрерменнің қызығушылығына ие болған сайын, ұлттық құндылықтарымыздың да ауқымы кеңейе түседі. Өз мәдениетімізді, дәстүріміз бен тарихымызды танып-білу жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастырып, болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал етеді.

Қазіргі қоғамда адамдар ақпаратты әртүрлі жолмен қабылдайды. Кітаптан оқыған дүниені кино арқылы немесе театр сахнасынан көріп, тереңірек түсінуге болады. Сондықтан кино мен театр ұлттық мәдениетімізді танытудың, рухани мұрамызды дәріптеудің және көрерменнің дүниетанымын кеңейтудің маңызды құралы саналады.

— Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында елдің мәдени әлеуетін арттыруға және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға басымдық беріп келеді. Егемендік жылдарында қазақ театры мен киносының дамуында қандай өзгерістерді атап өтер едіңіз? Өнер саласына мемлекеттік қолдауды күшейту, жас актерлерге мүмкіндік беру және отандық туындылардың сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар маңызды деп санайсыз?

— Жетістіктеріміз өте көп. Мемлекеттің қолдауының арқасында көптеген сапалы кинотуындылар түсіріліп жатыр. Олар беделді халықаралық фестивальдерде топ жарып, жоғары бағасын алып жүр. Театр саласында да жас мамандарымыз бен режиссерлеріміз өсіп, шығармашылық тұрғыдан дамып келеді. Олар халықаралық фестивальдерде жетістіктерге жетіп, қазақ өнерінің туын биікке көтеріп, ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуда.

Қазір жасанды интеллект кино саласына да еніп, шығармашылыққа жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Жалпы, Қазақстанда мәдениет пен цифрлық технологиялар бағытында көптеген фестивальдер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Шетелден келген қонақтар еліміздің талантты жастарының өнері мен шығармашылық әлеуетіне жоғары баға беріп жүр. Мұның барлығы Қазақстанның мәдениет пен технологияны ұштастыра отырып, түрлі салада қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Елімізде қалыптасқан бірлік пен тұрақтылықты сақтап, Әділетті Қазақстан қағидаттарын берік ұстану арқылы алдағы уақытта да толағай табыстарға жете аламыз деп сенемін. Мемлекет басшысы айқындаған бағыт аясында еліміздің әлеуеті артып, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім мол.

Осы қарқынды жалғастырып, биік мақсаттарға бірге ұмтылайық. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, еліміз аман, бірлігіміз бекем болсын!

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау