Бұл – көпшілігіміздің көкейімізде көптен бері жүрген сауал. Дүдәмал тұжырымдарымыздың төркінін Ормуз бұғазына барып бір тірейміз, әлемдік мұнай бағасына бір байлап қоямыз. Әйтеуір геосаяси ахуалды сараптап үлгермей кезекті оқиғаның салқынын сезіліп жатады. Bairaqmedia.kz тілшісі бұл жолы алысқа ой тастамай, өзіміздің Орталық Азия мен Каспий маңы тынысын зерделеп көрген едік.
Сарапшы-шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пайымынша, жалпы Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделенуі халықаралық қатынастар жүйесіне тікелей әсер етіп отыр. Әсіресе Иран төңірегіндегі әскери-саяси шиеленістің күшеюі тек аймақтық деңгеймен шектелмей, жаһандық қауіпсіздік, энергетика және логистика бағыттарындағы теңгерімді қайта қарауға мәжбүр етуде.
«Бұл жағдай Орталық Азия елдері үшін, соның ішінде Қазақстан үшін тікелей әскери қауіптен гөрі жанама, бірақ стратегиялық маңызы жоғары салдарлар туындатады», - дейді ол.
Бәріміз білетіндей, Иран – Орталық Азия мемлекеттері үшін Парсы шығанағына шығатын маңызды геоэкономикалық бағыттардың бірі. Қақтығыс жағдайында бұл дәліздің тұрақсыздануы аймақ елдерінің сыртқы саудасына және транзиттік мүмкіндіктеріне кері әсер ететіні анық. Ресей бағытының санкциялық қысымға ұшырауы жағдайында Иран бағытының да әлсіреуі өңірді күрделі геоэкономикалық қысымға алып келді.
Міне, осыдан барып баламалы бағыттарды, әсіресе Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту қажеттілігі күшейді.
«Қазіргі кезеңде Иран төңірегіндегі әскери-саяси шиеленістің өрши түсуі тек Таяу Шығыс аймағымен шектелмей, халықаралық қатынастар жүйесіне кең ауқымды ықпал ететін факторға айналып отыр. Бұл қақтығыс энергетикалық қауіпсіздік, жаһандық сауда маршруттары және аймақтық тұрақтылық мәселелерімен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Иранға қатысты соғыс Орталық Азия мемлекеттері үшін, соның ішінде Қазақстан үшін, тікелей әскери қауіптен гөрі жанама, бірақ стратегиялық маңызы жоғары салдарлар тудырады», - деп пайымдайды саясаттанушы.
Ол мұның бірнеше себебін де тілге тиек етті. Біріншіден, Иран Орталық Азия елдері үшін Парсы шығанағына шығатын маңызды геоэкономикалық бағыттардың бірі болып саналады. Яғни, соғыс жағдайында бұл бағыттың тұрақсыздануы аймақ елдерінің сыртқы сауда және транзиттік мүмкіндіктеріне кері әсер етіп жатыр. Ресей бағытының санкциялық қысымға ұшырауы жағдайында Иран бағытының да әлсіреуі Орталық Азияны күрделі геоэкономикалық қысымға алып келді. Нәтижесінде, көріп отырғанымыздай, аймақ елдері баламалы бағыттарды, әсіресе Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді дамытуға мәжбүр болды.
Екіншіден, Иран қақтығысы Каспий аймағының стратегиялық маңызын айтарлықтай арттырады. Әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық, әсіресе Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімдерінің бұзылу қаупі, Каспий мұнайының салмағын күшейтеді. Рас, бұл Қазақстан үшін белгілі бір экономикалық артықшылықтар туғызуда, атап айтқанда мұнай бағасының өсуі экспорттық кірістерді арттыруы мүмкін. Алайда, бұл үрдіс инфляциялық қысымның күшеюіне және логистикалық шығындардың өсуіне де алып келеді.

Үшіншіден, Қазақстан үшін Иран қақтығысының геосаяси салдары ерекше маңызды. Қазақстан бір мезгілде Иранмен, Батыс елдерімен, сондай-ақ Таяу Шығыс мемлекеттерімен көпқырлы байланыстарға ие. Осыған байланысты ел сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға, яғни көпвекторлы бағытты жалғастыруға мәжбүр. Бұл жағдайда Қазақстан үшін негізгі мақсат – осы бір қақтығысқа тартылмай, сонымен қатар барлық тараптармен конструктив диалогты сақтау.
«Жалпы, Иран қақтығысы Орталық Азияның халықаралық жүйедегі рөлін қайта қарауға алып келуде. Бұрын перифериялық аймақ ретінде қарастырылған өңір бүгінде жаһандық транзиттік және энергетикалық байланыстардың маңызды торабына айналуда. Бұл тұрғыда, әсіресе Каспий бағытындағы Орта Дәліз жобасы аясында Қазақстанның рөлі арта түсуде», - дейді Жанат Момынқұлов.
Қысқаша қайырсақ, Иран төңірегіндегі соғысты Қазақстан үшін тек қауіп көзі емес, сонымен қатар жаңа геосаяси мүмкіндіктер терезесі ретінде қарастыруға болады. Алайда бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Қазақстанға сыртқы саясаттағы икемділікті сақтай отырып, ішкі институционалдық реформаларды жеделдету және логистикалық әлеуетін күшейту қажет», – деді сарапшы.
Бұл пайымды нақты деректер де қуаттайды. Орталық Азия мәселелері бойынша сарапшы Аскар Нурша Иран төңірегіндегі шиеленістің ықпалын атап өтіп, былай деген: «Иран төңірегіндегі шиеленістің Орталық Азия елдеріне негізгі әсері экономикалық болады. Қақтығыстың одан әрі ушығуы жеткізілім тізбектеріне және көлік дәліздеріне ықпал етуі мүмкін».
Сарапшылар пікірінен бөлек, ресми Астананың ұстанымы да айқын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық шиеленістерге қатысты бірнеше мәрте дипломатиялық шешімдердің маңызын атап өтті.

«Халықаралық дауларды шешуде дипломатия мен диалог басым болуы тиіс. Жалпы, халықаралық қатынастарды реттеудің жалғыз құралы – дипломатия. Сондықтан барлық қақтығыстар тек бейбіт, келіссөздер арқылы шешілуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ұстаным Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының өзегін айқындайды. Ел Иранға қатысты ашық қарсы позиция ұстанбай, сонымен бірге өңірлік тұрақтылықты сақтауға бағытталған теңгерімді саясат жүргізіп келеді. Мұны АҚШ-Иран қақтығысының басында-ақ байқатты.
Жалпы, Иран төңірегіндегі қақтығысты Қазақстан үшін екіжақты сипатқа ие деп айтуға негіз бар. Бір жағынан, бұл жаһандық тұрақсыздық пен экономикалық тәуекелдердің артуына алып келгенін аңғарамыз. Екінші жағынан, жаңа транзиттік бағыттарды дамыту, энергетикалық нарықтағы позицияны күшейту және аймақтық рөлді арттыру сияқты мүмкіндіктерді де ашқаны байқалады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Қазақстанға сыртқы саясаттағы икемділікті сақтай отырып, инфрақұрылымдық және институционалдық реформаларды жеделдету қажет. Тек осы жағдайда ғана ел қалыптасып отырған жаңа геосаяси жағдайда өз орнын нығайта түседі.