$ 485.95
 565.74
 6.83

Қызылордада 68 көше арық жүйесімен қамтылады

Редактор
30.05.2026, 09:08
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Аймақ басшысы аяқсу ұңғымаларының жағдайын тексерді

Қызылорда облысында қала аумағын аяқсумен қамтамасыз ету және жасыл желекті сақтау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы аяқсу ұңғымаларының қазіргі жағдайымен арнайы танысып, инфрақұрылымдық нысандарды аралады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Аймақ басшысы қаланың бірнеше маңызды нүктелеріндегі, атап айтқанда Н.Назарбаев даңғылы мен А.Шәменов көшесінің қиылысындағы, «Қорқыт ата әуежайы» аумағындағы, «Эдельвейс» саяжайы маңындағы және сол жағалаудағы көпбейінді аурухана жанындағы аяқсу ұңғымаларының жай-күйін өз көзімен көрді. Нысандарды аралау барысында сумен қамту деңгейі мен техникалық мүмкіндіктер сараланып, облыс әкімі жауапты сала жетекшілеріне жұмыс сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, сапар аясында аймақ басшысына сол жағалаудағы көгалдандыру жұмыстары мен жасыл белдеу жобалары таныстырылды. Мұрат Ергешбаев кейінгі жылдары қоныстанушылар саны айтарлықтай өскен жаңа шағын аудандарда көгалдандыру мен абаттандыру шаралары құрылыс жұмыстарымен қатар, жүйелі түрде жүруі тиіс екенін және бұл мәселенің тікелей бақылауда болатынын қадап айтты.

«Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және жасыл желектерді сақтау тікелей аяқсу жүйесінің үздіксіз жұмысына байланысты. Жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарды сумен қамту инфрақұрылымы құрылыспен тең деңгейде дамуы қажет», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Бүгінгі таңда шаһар аумағындағы 68 көшеде жалпы ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын арық жүйелері бар. Қазіргі уақытта оның ішінде 46 көшедегі 74,6 шақырымына аяқсу тұрақты түрде жеткізілуде. Қаланың ирригациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында 3 көше 4,4 шақырым ірі лотокпен, ал 39 көше 68,6 шақырым кіші лотокпен жабдықталған. Су айдау деңгейін реттеу үшін он нүктеде орналасқан 16 насос қондырғысы толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 12 арық жүйесіне 19 насос арқылы су берілу үстінде.

Қаладағы аяқсу жеткізілмеген аймақтар мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында да жұмыстар қолға алынған. Бүгінде «KazstroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС-мен бірлесіп, су бармаған көшелерді жерасты ұңғымалары арқылы сумен қамту жобасы іске асырылуда. Сәтті серіктестіктің нәтижесінде Бөкейхан көшесіндегі арыққа аяқсу сәтті берілді.

Мұнымен қоса, шаһардың тазалығы мен су өткізу қабілетін арттыру мақсатында «Қызылорда тазалығы» мекемесі тарапынан қаладағы арық және канал жүйелерін қалпына келтіру, қоқыстан тазарту жұмыстары ұдайы әрі жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

Шаралардың басты мақсаты – Сыр өңірінің климаттық ерекшелігіне байланысты жазғы кезеңде қаланы жасыл желекпен көмкеріп, экологиялық қолайлы орта қалыптастыру.