Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор әрі әнші Алтынбек Қоразбаев еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Отан» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өнер иесіне жоғары марапат Республика күні қарсаңында табысталды. Оның қазақ музыка өнерін дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ «МузАРТ» тобының Қазақстанда және шетелде танымал болуына сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.
Алтынбек Қоразбаев – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен орын алған танымал әндердің авторы. Ұлттық мереке қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында 129 еңбек ардагері, өндіріс саласының 473 қызметкері, 200-ден астам кәсіпкер, 150-ден аса педагог пен ғалым, сондай-ақ 120-ға жуық медицина қызметкері бар.
Айта кетейік, «Отан» ордені 1993 жылы тағайындалған. Бұл марапат мемлекетке сіңірген айрықша еңбегі, мәдениет, ғылым және қоғамдық қызмет салаларын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.