Қызылорда облысында «Марал Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені пайдалануға берілді. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Аймақ басшысы салтанатты шара барысында Қазақстанда машина жасау саласын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірісті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетуде. Биылғы жылдың басынан бері өңірде 7,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, саладағы өсім көлемі 4,7 пайызға жеткен.
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті де артып келеді. Қызылорда облысы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан. Облыс аумағы арқылы мың шақырымнан астам магистральдық теміржол желісі өтеді. Жыл басынан бері өңірде 400 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 6 млн тоннадан астам жүк жеткізілген.

Жаңа өндірістік кешен жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетеді. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі шетелдік инвесторларға, оның ішінде Қытай Халық Республикасынан келген серіктестерге алғыс білдіріп, өңірде отандық және халықаралық компаниялармен әріптестік жалғасатынын жеткізді.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, алдағы үш жылда Қызылорда облысында жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл өңірде құны 100 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар құны 1 трлн теңгеден асатын 14 ірі жобаның құрылысы басталмақ.