Түркістан облысында сырға жұтып қойған бір жасар балаға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер оның өңешінде тұрып қалған бөгде затты алып тастады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 22 қазанға қараған түні болған. Мақтаарал ауданынан бір жасар сәби облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген.
Анасының айтуынша, бала абайсызда сырға жұтып қойған. Алдымен оған аудандық орталық ауруханада медициналық көмек көрсетіліп, кеуде қуысының рентгені түсірілген. Кейін сәби облыстық балалар ауруханасына жіберілген. Тексеру барысында бөгде заттың өңештің жоғарғы бөлігінде тұрып қалғаны анықталды. Дәрігерлер эзофагоскопия әдісі арқылы сырғаны алып тастаған. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Денсаулық сақтау басқармасы ата-аналарға кішкентай балалардың қауіпсіздігіне назар аударып, сырға, тиын, түйме және басқа да ұсақ заттарды олардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін ескертті.