$ 485.95
 565.74
 6.83

Биыл Қызылорда мен оған қарасты кенттерде 70 көше жөндеуден өтеді

Редактор
30.05.2026, 09:13
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгінде облыстағы жол сапасы 95%-ға жетті

Тасбөгет кентінде жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Жобаның бас мердігері «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5,1 млрд теңгенің жобасы аясында 4,4 шақырым көшелерді, атап айтқанда, Н.Назарбаев даңғылының 1,2 шақырымын күрделі жөндеуде. Кенттегі Есенов және Амангелді көшелерін төрт жолақтыға кеңейту қолға алынған. Жаяу жүргінші жолы, су ағатын арнайы лотоктар орнатылуда. Жаңа асфальт төселіп, заманауи жарықшамдар орнатылады.

Соңғы жылдары өңірдегі жол инфрақұрылымы жобалары қарқынды әрі жүйелі жүріп жатыр. 2022-2026 жылдары 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу, күрделі жөндеу үшін 185,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Төрт жыл ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 82-ден 95 пайызға дейін артты.
Қала ішіндегі негізгі көшелермен қатар, шет аймақ жолдарын жөндеуге де басымдық берілген. Қазіргі уақытта көшелер жаңартылып, жол сапасы артты және тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда.
Биыл 23,6 млрд. теңгеге қаладағы, қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылады, күрделі және орташа жөндеуден өтеді.

Былтыр көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін бірқатар көше кеңейтілді.

Атап айтқанда, әуежай, Шиеліден кіреберіс, Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралық, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болды.

Сонымен қатар, Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жол құрылысы жүргізілді.
Арал қаласы мен Жаңақорған кентінде теміржол арқылы өтетін көпірлер, Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінде жаяу жүргінші өткелдері пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласындағы Бәйтерек шағын ауданына жаңа көпір салу жоспарланған. Қармақшы ауданындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы да жақын арада басталады.